Астана қаласында өтіп жатқан Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы шеңберінде “Атомдық энергетика: прогресс және қауіпсіздік” атты стратегиялық сессия өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сессия барысында Атом энергиясы саласындағы өзекті мәселелер мен даму перспективалары талқыланды.
Сессияда сөз сөйлеген “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары – экономика және қаржы жөніндегі бас директор Марат Төлебаев компанияның қазіргі қызметі мен болашақ жоспарларына тоқталды.
Бүгінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл ретте Қазатомөнеркәсіп үшін ядролық отын цикліндегі рөлімізді кеңейту мүмкіндігі туып отыр, – деді ол.
Марат Төлебаевтың айтуынша, компания стратегиялық серіктестерімен бірлесе жұмыс істеп, озық технологияларды енгізуге мүдделі. Сонымен қатар ол халықаралық қаржыландырудың, әсіресе Дүниежүзілік банктен қаржы тартудың маңызын атап өтті.
Егер бұл жобаларды іске асыру барысында қосымша құн мен экономикалық тиімділікке қол жеткізсек, бұл Қазатомөнеркәсіп үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз бұрынғыдай жаһандық нарықтағы ең сенімді уран жеткізушілерінің бірі болып қала береміз, – деп түйіндеді ол.