Қандай адамдар құлдыққа жиі түседі? Әлеуметтік желідегі қылмыстық топтардан қалай қорғануға болады? Қандай әлеуметтік желінің жарнамаларынан аулақ болу керек? Орталық Азиядағы адам саудасына және мигранттарды заңсыз әкелуге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі БҰҰ ББП аймақтық кеңесшісі Рэда Сиргедиене адам саудасының Қазақстандағы жайы туралы сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
-Баяндамаңызда адам саудасымен айналысатын адамдардың әдісі өзгерген дедіңіз. Қалай өзгергеніне тоқтала кетсеңіз?
- 2019 жылдан басталған пандемия қоғамның әлеуметтік және экономикалық жағдайына едәуір әсер етті. Бұл өз кезегінде, қылмыстың да жаңа түрлеріне жол ашты. Өйткені өмірде жасалатын қылмыстың бәрі әлеуметтік желілер мен интернет бетіне таралды. Бұл – полиция қызметкерлерінің және басқа да заңсыздықпен күресетін органдар үшін ауыртпалық. Себебі, бұрынғыдай емес, қазір адам саудасына кінәлілерді анықтау қиынға соғады. Адамдардың көбі әлеуметтік желілерде хат алмасып, танысып жатады. Ал құық қорғау қызметінің басты міндеті мәселенің алдын алу. Сондықтан мәселе өзекті деп айтуға негіз бар.
- Адам саудасымен айналысатын адамдар кімдер? Қазіргі таңда кәсібін жүргізу үшін қандай платформаларды жиі пайдаланады? Жәбірленушілер қандай адамдар?
- Адамды құлдыққа түсірумен айналысатын топтар қоғамдағы көпшілік адамның психологиясын жақсы меңгерген. Олардың белгілі бір қала немесе ауданға арналған әдістері болуы мүмкін. Адамды тұзағына түсіру үшін интернет пен әлеуметтік желілерге өте эмоционалды әрі адамның сеніміне кіретін жазбалар жариялайды. Мұндай ұйымдасқан топтың жарнамаларына көбіне қаражат жағынан қиындыққа тап болған немесе тұрақты жұмысы жоқ адамдар сеніп жатады. Онымен қоса, жәбірленушілердің қатарында ақшадан тарыққан, қарызға батқан адамдар легі бар. Ал психологиялық тұрғыдан алсақ, қылмыстық топ көп қиындық көрген, көпбалалы отбасыдан шыққан және психологиялық проблемалары мен өзінің жеке ойы қалыптасып үлгермеген адамдарды жиі көздейді.
- Орталық Азияда адамды қалай саудалайды?
- Адам саудасы екі түрмен жасалады. Олар – аңшылық және қармақ салу. Ол қалай? Яғни қармақ салу дегеніміз басында айтқанымыздай, интернет кеңістігіне ақпарат пен сілтемелерді көптеп таратады, кейін айлаға түсетін адамдардың жауабын күтеді. Екіншісі, аңшылық сияқты, ол кезде қылмыскер қолға түсіргісі келген адамын белсенді түрде іздейді. Ондай адамды тауып алып, әлеуметтік желісіне жиі хат жазады. Өйткені ол азаматтың жұмыс іздеп жүргенінен, қай жерде тұратынынан хабардар болады. Міне, осы екі тәсіл адам саудасында қолданыста жүр.
Адам саудасымен тек бір адам айналыспайды. Олар арнайы жасақталған, өздерінің жауапты салалары бар адамдардан құралған топ. Біреулері жәбірленушілерді тасымалдау жолымен айналысса, енді біреуі келгендерді қабылдайды. Үш жыл бұрын Қазақстанда барлық жұмысшы үйден жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл кезеңде қылмыстық топ интернет кеңістігіне толығымен ауысты. Содан бері Орталық Азияда жағдай күрделенді. Оның себебі, 2020 жылдан кейін адам саудасына қатысты нақты арнайы зерттеулер аз жүргізілген.
Статистика бойынша адам саудасы құрбанының 70 пайызы – әйелдер. Адамдарды көбіне жыныстық және еңбекке пайдалану мақсатында сатады. Құлдыққа түсетіндердің жас аралығы 18-40 жас. Тағы бір мәселе ерлер әйелдерден қарағанда құлдықта болғанын мойындамайды. Тіпті құқық қорғау органдары жауап алса да айтпайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы басты айырмашылық осындай... Оларға мойындау қиын. Бұл тенденция біраз уақыттан бері жалғасын тауып келеді.
- Адам саудасы мен алаяқтық ұқсас болғаны ма?
- Иә, адам саудасы мен алаяқтық бір-біріне өте жақын қылмыс түрі. Мұны ұзақ уақыт құқық қорғау қызметінде істеген мамандар бірден ажыратады. Ал егер полиция қызметкерінің тәжірибесі көп болмаса, бұл бағытта шатасып қалуы да әбден мүмкін.
- Telegram-дағы әр жазбаны тексеру керек деп кеңес бердіңіз. Неге?
- Орталық Азия елдерінде Telegram желісі арқылы жұмысқа шақырып жатады. Мұны өзім де байқаймын. Желідегі көпшілік шоғырланған топтарға қысқа ғана хат жолданып, онда жұмыстың қандай екені және жалақысы көрсетіледі. Сонымен бірге өздерінің байланыс нөмірлерін қалдырып, кері байланыс жасауға уәде береді. Жұмыссыз жүрген адам оларға жазып, қызығушылық танытады. Хат алмасу кезінде қылмыскерлердің адамның сеніме кіріп, көндіруіне мүмкіндік туады. Міне, сіздердің өңірлеріңізден адам саудасына осылай тап болатындар бар. Біз адам саудасының беймәлім қылмыс екенін білуіміз керек. Себебі адам өзі мойындамай ұзақ жыл құл болып жұмыс істей беруі мүмкін. Егер оның туыстары немесе өз құқық қорғау қызметкерлерімен байланыспаса, беймәлім болып қала береді. Бұған да полиция өкілдері арнайы жоспар жасап, зейін қояды. Дегенмен қылмыстық топтың жұмыс істеу жүйесі осал болмайды. Себебі, адам саудасы қомақты ақша, есірткіден кейін көп пайда түсіретін екінші - қылмыс. Ал мұндай мол қаражатпен қамтылған істі ашу да қиын.
- Қазақстанда адам саудасы азаймай тұр. Бұған қылмыстық топтың Қазақстанда шоғырлануы себеп болуы мүмкін бе?
- Қазақстанда тек адам саудасынан жапа шекпейді, адамдарды басқа елдерден тасымалдаушы өңірге айналып отыр. Бұл жерге де басқа мемлекеттерден құлға түсіп, еңбекке жегілетіндер бар. Қазақстан Орталық Азиядағы адам саудасының транзиттік аумағы болып отыр. Аймақ арқылы Оңтүстік Азияға адамдар жіберіледі.
- Әңгімеңізге рахмет!