Қазақстан «ақылды зауыттарға» көшеді: ЖИ машина жасауды қалай өзгертеді?

Үкімет басшысы ЖИ зауыттардағы ақауды алдын ала болжап, миллиардтаған теңге үнемдеуге мүмкіндік беріп отырғанын айтты.

 Үкімет Бүгiн 2026, 10:53
Бүгiн 2026, 10:53
218
Фото: Үкімет

Қазақстанда ЖИ мен «ақылды зауыттар» іске қосылуына байланысты машина жасау жаңа кезеңге өтті. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов елордада өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының ХІІІ форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі кезеңде жинақтап-құрастырудан өзіміздің инженерлік шешімдерді әзірлеуге және ел ішінде жоғары технологиялық активтерді құруға көшу үдерісін жеделдету маңызды. Өнімнің технологиялық деңгейі жаһандық бәсекелестік жағдайында  негізгі факторлардың бірі болып саналады. Шын мәнінде, бұл – цифрландыру, роботтандыру  және жасанды интеллектіні енгізу деген сөз. Аталған үдерістер Президент қойған ауқымды міндеттер аясында  ерекше маңызға ие болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей,  Қазақстан өңірдегі жетекші цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс, - деп атап өтті Премьер-министр.

Айтуынша, биыл өндірісте біршама серпін байқалады.

Биылғы жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы машина жасау саласында технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге тың серпін береді. Зауыттарда жаңа технологияларды қолдану ауқымды трансформацияның негізгі элементіне айналады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей,  өндірісте жасанды интеллектіні қолдану жабдықтарға техникалық қызмет көрсету шығындарын 40%-ға дейін төмендетеді, - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Қазақстанның табысынан нақты мысалдар келтірді.

«СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнында жасанды интеллект ықтимал ақауларды алдын ала болжап, конвейердің кенеттен тоқтап қалуына жол бермейді. ERG тобында цифрлық ассистенттер мен талдамалық платформалар  логистикадан бастап электр энергиясын тұтынуға дейінгі процестерді оңтайландырады. Соның нәтижесінде компания  өткен жылы шамамен 55 млрд теңге үнемдеді.

Бұл ақылды технологиялардың нақты экономикалық пайда әкелетінін  айқын көрсетеді. Келесі кезең – ішінара автоматтандырудан «ақылды зауыттарды» іске қосу. Жобалау мен өнімнің сапасын басқару үшін жасанды интеллектіні пайдалану қажет, - деді Премьер-министр.

Бектенов жаңа буын инженерлері мен техникалық мамандарды даярлау – біздің басты басымдығымыз деп атады.

Бүгін білім беру гранттарының 60%-дан астамы инженерлік және IT мамандықтарына бөлінуде. Отандық университеттерде, сонымен қатар жетекші шетелдік техникалық университеттердің ашылып жатқан филиалдарында  озық білім беру тәсілдері мен тәжірибелері енгізілуде. Бұл ұзақмерзімді технологиялық дамудың негізін қалыптастырады. Сонымен қатар біздің ортақ міндетіміз – әділ және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету,  әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту, - деді Үкімет басшысы.

Еске салайық, Астанада екінші күннен бері Қазақстан машина жасаушыларының ХІІІ форумы өтіп жатыр. Форум дәстүрлі түрде мемлекет пен бизнес өкілдерін тоғыстырып, машина жасау саласын одан әрі ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын негізгі диалог алаңы саналады.

Сонымен қатар, Бектенов Жаңа Конституция өнеркәсіпке жаңа талап қойғанын айтты. 

Наверх