Бүгін таңертең The Washington Post басылымы «Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуға апарар қызық жолы» атты көлемді мақаланы жариялады. Материалда Қазақстанның аталмыш келісімдерге қосылу шешімінің себептері терең талданған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басылымның жалпы ұстанымы – айқын және оң бағалы: Қазақстанның қадамы ойластырылған, прагматикалық және жан-жақты есептелген шешім ретінде сипатталады. Онда Мемлекет басшысының дипломатиялық тәжірибесі мен стратегиялық ойлау қабілетіне қатысты көптеген оң пікірлер келтірілген.
Дегенмен, мақаланың басында бұл шешім Вашингтондағы кейбір саясаткерлер арасында таңданыс туғызғаны атап өтіледі. Кей сарапшылар Қазақстанның бұл қадамын бұрынғы АҚШ президенті Дональд Трампқа бағытталған саяси белгі ретінде бағалайды. Алайда, авторлар мұнымен келіспей, «Қазақстан әлдеқайда прагматикалық мақсатты көздеп отыр» деп жазады. Материалда еліміздің бұл әрекеті оның күрделі геосаяси аймақтағы жағдайына сәйкес табиғи және қисынды қадам ретінде сипатталған.
Қазақстанның Авраам келісімдеріне қатысуы мен АҚШ-тағы кездесулер елдің Мәскеу мен Бейжіңнен тәуелсіз сыртқы саяси бағытын ұстанып отырғанының көрінісі ретінде көрсетілген. Мақала қорытындысында:
Авраам келісімдеріне қосылу – Вашингтонның оң назарын аударуға бағытталған ақылды әрі прагматикалық қадам, - деп түйінделеді.
Басылым материалында C5+1 форматындағы кездесулер қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын сұхбаты және америкалық зерттеу орталықтарының екі сарапшысының пікірлері келтірілген. Олар Қазақстанның шешімін:
Шығыны аз, бірақ тиімді саяси белгі – Ресейге тәуелділікті азайтып, АҚШ пен Трамп әкімшілігіне бағытталған дипломатиялық сигнал, -
деп сипаттайды.
Сонымен қатар, мақалада АҚШ ұстанымына да тоқталады. Онда «Трамптың қазіргі негізгі мақсаты – Қытайдың үстемдігіне қарсы тұру үшін маңызды минералдардың жаңа жеткізу тізбектерін құру» екені атап өтіледі.
The Washington Post үшін бұл материал – айтарлықтай маңызды сигнал. C5+1 форматындағы АҚШ сапары америкалық сарапшылар арасында Қазақстан мен Америка арасындағы қатынастарды қайта жандандыру және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге деген Қазақстанның нақты ұстанымын білдіретін белгі ретінде қарастырылған.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапарын әлемдік БАҚ кеңінен талқылап жатқаны хабарланған болатын.Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы – өңірлік бейбітшілік пен ынтымақтастық жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланды.