Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар күн санап нығайып келеді. Екі ел арасындағы мәдени, экономикалық және саяси байланыстар жаңа белестерге көтеріліп жатыр. Осы орайда, BAQ.KZ тілшісі Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь мырзамен сұқбаттасып, қос мемлекет арасындағы қарым-қатынас, туризм саласындағы серіктестік және болашақ жоспарлар жайында әңгімелесті.
Baq.kz: Хань Чуньлинь мырза, Қытай Жаңа жылы мен Қазақстандағы Қытай туризм жылының басталуына орай ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты жайлы айтып өтсеңіз?
Елші: Биылғы жыл Қытайда да, Қазақстанда да жылан белгісімен өтеді. Бұл біздің мәдени байланыстарымыздың ортақтығын білдіреді.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық қазақстандықтарды Қытай Жаңа жылымен құттықтағым келеді және екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі дамуына тілектеспін.
Қытай мен Қазақстанды тек ортақ өзендер мен таулар ғана емес, ортақ тағдыр да байланыстырады. Біз – табысымызды бірге бөлісетін серіктестерміз.
![Қазақстан 40 күнде Қытайдың жаңа елшісіне қандай әсер қалдырды](/userfiles/images/e6216cad-c23c-4e00-8358-da4c7bbe08c4.jpg)
Соңғы жылдары екі ел басшыларының стратегиялық басшылығының арқасында Қытай–Қазақстан қарым-қатынастары қарқынды дамып, ең жоғары деңгейге – мәңгілік стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Біз екіжақты әріптестіктің "жаңа алтын 30 жылдығын" бастадық. Стратегиялық өзара сеніміміз нығайып, практикалық ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік.
Елордада көңілді Көктем мерекесіне арналған көрме өтті. Бұл мереке Қытай Жаңа жылымен тығыз байланысты. Былтыр желтоқсанда Көктем мерекесі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Сондықтан бүгінгі таңда бұл мереке бүкіл адамзатқа тиесілі.
Қытайда Көктем мерекесі – отбасы мүшелерінің бір жерде жиналып, бірлік пен татулықты атап өтетін уақыт. Бұл – қытай халқы үшін ең маңызды құндылықтардың бірі. Біз осы қуанышты Қазақстан азаматтарымен бөліскіміз келді.
Бұл Қазақстандағы ойын-сауық орталығында елшілік ұйымдастырып отырған алғашқы іс-шара болды. Қонақтар Қытайдан арнайы әкелінген түрлі шамдарды, шоуларды және дәстүрлі тағамдарды тамашалай алды. Қонақтарға бәрі ұнады деп сенеміз.
![Қазақстан 40 күнде Қытайдың жаңа елшісіне қандай әсер қалдырды](/userfiles/images/a189f84b-14b5-4c55-aabf-20bcc3cacdec.jpg)
Baq.kz: Алдағы уақытта қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?
Елші: Қазіргі уақытта біз нақты іс-шараларды жоспарлап жатырмыз және ол жайлы алдағы уақытта қосымша ақпаратты жариялаймыз.
Baq.kz: Былтыр Қытайдан Қазақстанға қанша турист келді? Қазақстан қытайлық туристер үшін несімен қызықты? Көңілді көктем мерекесі сияқты фестивальдер Қытай туризм жылын Қазақстанда өткізу тұрғысынан қаншалықты маңызды?
Елші: Өткен жылы Қытайда Қазақстан туризм жылы өтті. Соның аясында екі ел арасындағы туристік сапарлардың саны айтарлықтай артты. Бұл өзара түсіністікке ықпал етті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өткен жылы екі ел арасында шамамен 1 миллион туристік сапар жасалды.
Қытай туризм жылы – қазақстандықтардың Қытай мәдениеті мен саяхат мүмкіндіктері туралы көбірек білуіне үлкен мүмкіндік. Біз қазақстандық туристерді Қытайға шақырамыз, олар біздің елдің көркем табиғатын тамашалап, дәстүрлі асханамыздан дәм тата алады.
Сондай-ақ Қытайдың қарқынды дамып жатқанын өз көзімен көрген жөн. Біздің туристік орындарымызды тамашалау – ерекше әсер қалдырады.
Былтыр Қазақстанға шамамен 655 мың қытайлық турист келді.
Baq.kz: Елші мырза, сіздің Қазақстанда келгеніңізге бір айдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығындағы әсеріңіз қандай?
Елші: Бүгін Қазақстанға келгеніме тура 40 күн болды және менің алған әсерім өте ерекше. Мен Қазақстан Президентімен, Премьер-министрімен, Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрімен және басқа да ведомство басшыларымен кездестім. Біз өте достық қарым-қатынаста пікір алмасып, көптеген келісімге қол жеткіздік.
![Қазақстан 40 күнде Қытайдың жаңа елшісіне қандай әсер қалдырды](/userfiles/images/0b3aa07e-bd84-4dd7-8bd8-b46dab448af9.jpg)
Сонымен қатар бірнеше университет пен ғылыми-зерттеу институттарына бардым. Біз өзара қызықтыратын мәселелер бойынша пікір алмастық. Сондай-ақ Пекин мәдениет және тілдер университетінің филиалында және Конфуций институтында болдым. Қазақстанда қытай тіліне деген қызығушылықтың жоғары екенін көріп отырмын.
Маған Қазақстанда өте жылы қабақ танытуда. Көңілді көктем мерекесі көрмесінде де сондай ерекше достық атмосфера сезілді.
Айта кетерлігі, биыл Астанадағы қыс аса аяз емес. Ауа температурасы төмен болғанымен, жүрегімде ерекше жылылық бар. Бұл – біздің достығымыздың белгісі.
Baq.kz: Бұған дейін сіз Қазақстанда немесе Орталық Азия елдерінде болдыңыз ба? Қазақстан ел туралы пікіріңіз қандай?
Елші: Бұл – менің Қазақстанға алғаш келуім. Бұған дейін Өзбекстан мен Түрікменстанда болғанмын. Қазақстан – өте жас әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Мұнда бәрі жылдам өркендеп жатыр.
Мен Қытайдың Қазақстандағы 12-ші елшісі ретінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына жауапты екенімді жақсы түсінемін. Сол себепті өзімнің барлық күш-жігерімді осы бағытқа арнаймын.
Baq.kz: Қазақстандағы алдағы жоспарларыңыз қандай? Қандай бағыттарға басымдық бересіз?
Елші: Жылдың басында жаңа жоспарлар құрудың маңызы зор. Биыл біз практикалық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлеміз.
Дәстүрлі салалар – инфрақұрылым, мұнай-газ, энергетика және пайдалы қазбаларды игеру бойынша жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар біз жаңартылатын энергия, цифрландыру және жасыл энергетика салаларында жаңа мүмкіндіктерді дамытамыз.
![Қазақстан 40 күнде Қытайдың жаңа елшісіне қандай әсер қалдырды](/userfiles/images/099f2690-af8b-4455-a66b-12a10824846c.jpg)
Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 43,8 миллиард долларды құрап, 6,8%-ға өсті. Біз екі ел арасындағы сауда көлемін екі есеге арттыру мақсатында жұмыс істейміз. Осы бағытта бар күш-жігерімізді саламыз.
Сонымен қатар Қазақстанға инвестиция құятын қытайлық компаниялардың санын көбейтуді көздеп отырмыз.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та маңызды. Көктем мерекесі көрмесі осы саланы дамытудың жарқын мысалы.
Биыл біз Қытай фильмдерінің апталығын өткізу жоспарын қарастырып жатырмыз. Бұл қазақстандық көрермендердің қытай киноөнеріне деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймыз.
Сондай-ақ биыл Қазақстанда Қытай мен Орталық Азия елдерінің екінші саммиті өтеді. Бұл маңызды шараны сәтті өткізу үшін ауқымды дайындық жұмыстарын жүргіземіз.
Baq.kz: Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын.