2026 жылдан бастап еліміз жыл сайын 100 млн тоннадан астам мұнай өндірмек. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылдан бастап ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен жылдық мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар Теңізшевройл мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттыруды қамтамасыз ететін Келешек кеңейту жобасын жүзеге асырып келеді, - деді министр.
Сәтқалиев атап өткендей, Қарашығанақта 5 компрессордағы жұмыстар аяқталды, шикі газды қайта айдау үшін 6 компрессорды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мұнай өндіруін жылына 11-12 млн тонна деңгейінде сақталуын қамтамасыз етеді. Кен орнында қуаттылығы 4 млрд метр куб газды өңдейтін зауытты салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол 2028 жылдың соңына қарай аяқталады.
Қашағанда 2026 жылдан бастап мұнай өндіруді 1 млн тоннаға арттыруды көздейтін қуаты жылына 1 млрд метр куб Газ өңдеу зауытын салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 2029 жылы қуаты жылына 2,5 млрд метр куб газ өңдеу зауытын салу арқылы мұнай өндіруді 2 млн тоннаға арттыруды қамтамасыз ету күтілуде, - деді Энергетика министрі Мәжілісте.
Бұл үш ірі жобадағы мұнай өндіру республикадағы барлық мұнай өндірудің 70%-ын құрайды, оған шамамен 17 млрд долларына инвестиция салынады.
2029 жылға қарай алғашқы мұнай өндіруді 4 млн тоннаға дейінгі ең жоғары өндіру көлемімен Қаламқас-Хазар кен орны қамтамасыз етеді. Бұл жобаны жүзеге асыруға 6,6 млрд долларына инвестиция салынады. Бұл ретте 2030 жылға дейін перспективалы жер қойнауы учаскелерін геологиялық барлауға 5 млрд долларына инвестиция салынады, бұл 2040жылға қарай 11 млн тонна мұнай өндіруді қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді ол.
Министр Сәтқалиев 2030 жылға қарай мұнай өндіруге салынатын инвестиция ірі кен орындарына шамамен 21 млрд доллар болатынын қоса кетті.
Бұған дейін биыл еліміз шамамен 88,4 млн тонна мұнай өндіретінін жазған едік.