Қазақстан 2023 жылы Қытайда өтетін мәдени көрменің басты қонағы болады. Бұл туралы ҚКП Аньхой провинциялық комитетінің насихат бөлімінің бастығы Го Цян мырзамен кездесуде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қытай халықаралық баспасөз орталығының бағдарламасына қатысушы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, араб елдері және басқа да мемлекеттердің журналистері Аньхой провинциясының тыныс-тіршілігімен танысты.
Шетелдік БАҚ өкілдері ҚКП Аньхой провинциялық комитетінің насихат бөлімінің бастығы Го Цянмен кездесуде өздерін қызықтырған сауалдарын қоя алды.
Оның сөзінше, өңірдегі ЖОО-ларда қазақстандық студенттер білім алып жатыр.
Аньхой провинциясының орталығы Хэфэй қаласындағы университеттерде қазақстандық студенттер де оқып жатыр. Шетелдік студенттердің көбі қаладағы танымал ЖОО-да білім алады. Хэфэйде Қазақстан мәдениетін үйренуге арналған орталық бар. Онда қазақтың түрлі ұлттық бұйымдарын жасап үйренуге болады. Келесі жылы Аньхойда елдер арасындағы мәдени байланыс аясында көрме өтеді. Қазақстан көрменің басты қонағы ретінде қатысады, - дейді Го Цян.
Оның айтуынша, дүниежүзілік мәдени Тайху көрмесі әр 2 жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл Қытайдағы ғана емес, әлемдегі ең ықпалды пікірталас алаңдарының бірі және ең ірі мәдени шара.
Қытайдағы 23 провинцияның бірі - Аньхой. Аньхой — «Бір белдеу бір жол» бастамасы, Янцзы өзенінің экономикалық белдеуін дамыту, орталық аймақтың көтерілуі, Янцзы өзенінің аймағын жан-жақты дамыту сияқты 4 ұлттық стратегиямен қамтылған жалғыз провинция.
Сондай-ақ ол Қытайдағы маңызды өндірістік база саналады. Жаңа энергетикалық көліктерді өндіру және сату көлемі 100 мыңнан асып, бұл елдің 7,7%-ын құрады. Сондай-ақ «төрт негізгі тұрмыстық техниканың» (теледидар, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, кондиционер) өндірісі шамамен 100 млн-ға жетті. Бұл бүкіл ел бойынша 1/4 құрайды. JAC және Chery автомобиль компаниялары - өздерінің қытайлық автокөлік брендтерінің өкілдері.
Айта кетейік, Қазақстан аньхойлық Jianghuai Automobile Co ltd, яғни елімізде JAC Motors атымен танымал компаниямен серіктестік орнатқан.
15 қараша күні Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында Changan, Chery, Haval маркалы автомобильдер шығаратын зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысқан болатын. Бұл жоба екі ел басшылары арасында жүргізілген келіссөздер аясында жүзеге асырылып отыр.