Астанада Елшілердің жұбайлары қауымдастығының (ASA) жыл сайынғы Рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайырымдылық базары биыл осымен 15-інші рет ұйымдастырылып отыр.
Жәрмеңкеде 150-ден астам ұтысы бар лотереялар ойнатылды. Басты сыйлықтар – Италияға, Польшаға сапарлар, Қазақстан мен Венгриядағы люкс қонақүйлерде тұруға сертификаттар, медициналық және білім қызметтері, зергерлік бұйымдар, брендтік киімдер, елшіліктердің сыйлық қоржындары және т.б.
Қайырымдылық базарын Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктер басшыларының жұбайлары, сондай-ақ жергілікті және халықаралық бизнес ұйымдары ұйымдастырады.
XV ASA Рождестволық қайырымдылық базарының негізгі мақсаты - Қазақстандағы маңызды әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, студенттерге халықаралық іс-шарада волонтерлік тәжірибе алуға және қонақтарға әртүрлі елдердің мәдениетімен танысуға мүмкіндік беру.
Қайырымдылық базарының ашылуында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бұл іс-шара елімізде 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын атап өтті.
Айта кету керек, бұл ерікті түрде жасалатын жәрмеңке. Сондықтан қатысушы елшіліктердің саны өзгеріп отырады. Мысалы, биыл 30-дан астам елшілік қатысып жатыр. Оған қоса 20-дан аса әртүрлі ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар бар. Өткен жылдары мұндай Рождестволық базарлар бір күнде 100 мыңнан астам доллар жинады, бұл өте маңызды. Бұл жәрмеңкені елшілердің жұбайлары қауымдастығы ұйымдастырады, ал бұл қаражаттың қандай қайырымдылық мақсатқа жұмсалатынын қауымдастық өзі шешеді. Көбіне олар Қазақстандағы көмек сұраған ұйымдарға не мүмкіндігі шектеулі жандарға, не болмаса тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге, балаларға, т.б. бағытта көмек көрсетеді, - деді СІМ басшысының орынбасары.
Василенко Рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесі Астанада жаңа жылдық мереке маусымын ашатынын атап өтіп, бұл игі фестиваль жақсы дәстүрге айналып кеткенін қоса кетті.
Бүгін осы ұлы игі іс-шараға қатысушылардың барлығы жеңіске жетті. Себебі сіз жұмсаған ақшаңызды қайырымдылыққа беріп отырсыз, - деді ол.
СІМ өкілінің сөзінше, мұндай игі фестиваль бүкіл әлемде өткізіледі. Қазақстанның шет елдердегі елшіліктері де осындай жәрмеңкелерге қатысып жатыр. Ол фин ірімшігін алуға кеңес берді.
Сондай-ақ мұндай жәрмеңкелер қонақтарға бір-бірімен араласуға, басқа ұлт өкілдерімен әңгімелесуге, әртүрлі ұлттың тағамдарынан дәм татуға және жалпы жағымды атмосферадан қуат жинауға мүмкіндік береді.
Биылғы жәрмеңкеге Қазақстан дипломатты жұбайлары мен Қытай, Моңғолия, Украина, Корея Республикасы, Морокко, Еуропалық Одақ, Германия, Венгрия, Нидерланды және т.б. елшіліктер қатысып жатыр.
Қытай елшілігі павильоны келушілердің сұранысында болды. Себеб елшілік өкілдері қонақтарға қытай шайын, лапшасын және жұмыртқа мен көкөністер қосылған құймағын ыстықтай ұсынды. Сонымен қатар қонақтар Қытайдан әртүрлі кәдесыйлар, жібек орамал, панда ойыншығы мен сөмкелерін, ыдыстар сатып алуға мүмкіндік алды.
Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо қайырымдылық жәрмеңкесі өте маңызды екенін атап өтті.
Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Себебі елшілігім үшін, мен үшін, жалпы бүкіл дипломатиялық корпус үшін бүгін үлкен мереке. Бұл Қазақстандағы мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған іс-шара. Жәрмеңкеге 2-3 ай бұрын дайындалдық. Тауарларға тапсырыс бердік. Сөйтіп мұнда Қытайда жасалған таза қытайлық тауарларды көрсетуге тырыстық. Түрлі-түсті кәдесыйлар, әшекей бұйымдар, сусындар... Қытайға қатыстының бәрі Қазақстанда қажет және сұранысқа ие. Биыл біз шай ішу рәсімін және Қазақстанда өте танымал қытай тағамдарын ұсындық. Сондықтан көрмеге қойылған барлық дүние үлкен сұранысқа ие болып, келушілерге ұнайды деп сенемін. Осылайша біз көп қаражат жинап, мұқтаж отбасыларға көмектесуге жұмсалатын қаражатты көбейте аламыз. Дәстүр бойынша Қытай елшілігінің стенді ең үлкен болады. Қаражат жинаудан да Қытай әрқашан көшбасшы болып келді. Биыл да көш бастаймыз деп ойлаймын, - деді дипломат.
Чжан Сяо Қытай елшілігі қайырымдылық жәрмеңкесіне бей-жай қарамайтынын және осындай іс-шараларға үнемі белсене қатысып келе жатқанын айтты.
Елші жәрмеңкеде қытай дәстүрлі медицинасы стендін де ұйымдастырмақшы болғанын айтты. Бірақ орын жеткіліксіз болғандықтан жоспар жүзеге аспаған. Оның айтуынша, Астанада кәсіби, біліктілігі жоғары қытай дәрігерлері жұмыс істейді. Чжан Сяо тіпті олар Қытайда да үлкен сұранысқа ие екенін жасырмады.
Көрмеге қатысушылардың арасында елордалық оқушылар да бар. Мысалы, Астана халықаралық мектебі мен "Мирас" халықаралық мектебі. Оқушылар жәрмеңкеге өз қолдарымен жасаған дүниелерін ұсынды.
Бұл қолөнер бұйымдары. Оны мектебіміздің балалары өздері жасады. Қолғаптар, шамдар, түрлі тәттілер, - дейді оқушылар.
Сонымен қатар көрмеге қатысқан отандық ұйымдар қазақи нақыштағы қамзол, нымша және шапандарын сатты. Сондай-ақ жәрмеңкеге қазақи әшекей бұйымдар да қойылды.
Сондай-ақ келушілер Қазақстан стендінде ұлттық киімдерді киіп, суретке түсті.
Қайырымдылық жәрмеңкесінің келушілерін әлемнің мәдени әртүрлілігімен таныстырып, қайырымдылыққа үлес қосу үшін 30-дан астам ел мен 23 халықаралық мектеп және коммерциялық емес ұйым өкілдері бас қосты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкеде жиналған барлық қаражат Қазақстанның әлеуметтік жобаларының пайдасына, яғни қайырымдылық жобаларына бағытталады.