Қызылордада газ тарату компаниясы тұтынушыларды газ желісіне қосу үшін техникалық шарттар беру кезінде заң талаптарын бұзғаны анықталып, ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2022-2023 жылдары тұтынушылардың шағымдары негізінде "QazaqGaz Aimaq" АҚ Қызылорда филиалына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде, компания тарапынан заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, газға қосылу үшін техникалық шарттар беруде филиал тұтынушылардан заңмен көзделмеген қосымша құжаттарды талап еткен. Бұл – табиғи монополиялар туралы заңнаманы тікелей бұзу болып саналады, - делінген хабарламада.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша департаменттің ұстанымы барлық сатыдағы соттарда, оның ішінде ҚР Жоғарғы сотында дәлелденіп, қолдау тапты.
Құқықбұзушылық фактісі бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен "QazaqGaz Aimaq" Қызылорда филиалы кінәлі деп танылып, 61,3 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде төленіп, қаражат мемлекеттік бюджетке аударылды.