Қазақ ұлттық опера және балет театрының құрылымы қайта жасақталып жатыр

2 Тамыз 2024, 20:07
567
Бөлісу:
Қазақ ұлттық опера және балет театрының құрылымы қайта жасақталып жатыр

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының құрылымы қайта жасақталып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ 24KZ-ке сілтеме жасап. 

Бұған дейін театрдың бірнеше қызметкері: «Жұмыстан себепсіз шығарылдық», – деп әлеуметтік желіде жазба жариялаған еді. Олар театрда, капильдинер болып істеген. Яғни кіреберісте көрермендердің билетін тексеріп, орындарын нұсқап, залда тәртіпті қамтамасыз етумен айналысқан. Театр ұжымының айтуынша, бұл дау-дамай ешқандай негізсіз. Мекеме қазір қайта құрылымнан өтіп жатыр. Сондықтан штаттық кестеде де өзгерістер болған. 

Қазір басқа өнер ұжымдары сияқты Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының қызметкерлері де жазғы демалыста. Мәдениет ошағының қайта құрудан өтіп жатқандығынан барлығы да хабардар. Олардың пікірінше, мұндай өзгерістер жұмысты оңтайландыру үшін әрбір мекемеде болып тұрады. Бұл театрды жаңа деңгейге көтеру үшін жасалады.

Әр қызға жұмыс ұсынылған. Қыздарға ол жұмыстар ұнамайтын сияқты, менің естуім бойынша, ішінде үй шаруасындағы әйелдер бар. Студент қыздар бар ол жерде. Сабақтары бар. Таңертең сабағына барып, сағат 4-те келіп, кешке көрермен қайтқаннан кейін үйіне қайтатын өте ыңғайлы жұмыс болса керек. Сондықтан олар барғысы келмеген біраз, біразы келіскен. Театрдың негізгі принципі: әрбір жұмысшы біз үшін қымбат, - деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының опера труппасының көркемдік жетекшісі Болатбек Бөкенов.

Барлығы заңды түрде болу керек. Әрбір адамның құқығы қорғалуы тиіс деп есептеймін. Бірақ мұндай құрылымды қайта жасақтау барлық театрда болып тұрады. Менің қызметім де талай рет өзгеріске ұшыраған. Бірақ оған түсіністікпен қараған жөн. Оларға ешкім мүлдем жұмыстан кетесіңдер деп жатқан жоқ. Ал қыздар жағдайды түсінгісі келмейді, - деді  Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының балет труппасының жетекшісі Гулжан Түткібаева.

Бұл жағдайға Мәдениет және ақпарат министрлігі де үн қатты. Олар мұны заңнамаға сәйкес театр құрылымын қайта жасақталуымен байланысты екенін хабарлады. Бұрынғы кейбір лауазымдар жойылып, орнына жоғары біліктілікті қажет ететін жаңасы енгізілген. Осы өзгерістерге қатысы бар 9 адамға қызмет көрсету шарты бойынша жұмыс ұсынылған. Оның үшеуі келіскен. Қалғандары келіспеген. Еңбек инспекциясы: «Бұл оқиғаға қатысты заңбұзушылық болмаған», – дейді. 

Жаңадан штаттық кесте бекітіліп, ол штаттық кесте Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитетімен келісілген. Соған сәйкес жұмыс беруші Еңбек кодексінің талаптарын сақтай отырып, Әлеуметтік кодексінің талаптарын сақтай отырып, 1 шілде күні жұмыскерлерге және Еңбекпен қамту орталығына тиісті ескерту ақпараттарын жолдаған. Сөйтіп 1 тамыз күні жұмыскерлерді жұмыстан босатып отыр. Бұл тарапта жұмыс беруші тарапынан еңбек талаптары, нормалары сақталып отыр, - деді Алматы қ. Еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Алмат Қалдыбаев.

Ұсынылған жаңа жұмыстан бас тартқан қызметкерлерге театр барлық өтемақыны төлейді. Демек соңғы жұмыс істеген күндерінің жалақысы, қолданылмаған еңбек демалысы үшін және штаттық бірлігінің қысқаруына байланысты төлем алады. Оған қоса Мәдениет және ақпарат министрлігі осы іске заңды тұрғыда қызметтік тексеру жүргізеді.

 

Өзгелердің жаңалығы