Қазақ спортшылары өткен аптада халықаралық ірі жарыстарға қатысып жарқын жеңістерімен елімізді тағы бір мәрте қуанышқа кенелтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
МСМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өткен жеті күннің басты оқиғасы қазақстандық боксшылардың Иорданиядағы Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетуі болды. Қазақстанның ерлер командасы құрлықтық біріншілікті 12 жүлдемен табысты аяқтады. Алтын медальді Санжар Ташкенбай (48 келіге дейін), Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін) және Айбек Оралбай (92 келіге дейін) жеңіп алды. Сәкен Бибосынов (51 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (54 келіге дейін), Серік Теміржанұлы (57 келіге дейін), Дулат Бекбауов (67 келіге дейін), Нұрқанат Райыстың (75 келіге дейін), Қамшыбек Құнқабаев (92 келіден астам) күміс медаль иемденді. Ал Саматәлі Толтаев (60 келіге дейін), Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін), Сағындық Тоғамбай (86 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова (48 келіге дейін), Жайна Шекербекова (54 келіге дейін) және Карина Ибрагимова (57 келіге дейін) алтын медаль алды. Гүлсая Ержан (81 келіге дейін) күміс медаль жеңіп алды. Назым Қызайбай (50 келіге дейін), Жазира Уракбаева (52 келіге дейін), Мәдина Нұршаева (66 келіге дейін), Дариға Шәкімова (70 келіге дейін) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден астам) қола медаль иегері атанды.
Шорт-трек. Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өткен шорт-тректен Әлем кубогы кезеңінің нәтижелерін атап өту қажет. Денис Никиша мен Абзал Әжғалиев тұғырдың екінші сатысына көтерілді, ал Әділ Ғалиахметов үшінші нәтижені көрсетті.
Үстел теннисі. Алан Құрманғалиев Словакияда өткен WTT Youth Contender senec 2022 халықаралық турнирінде қола медаль жеңіп алды.
Самбо. Қазақстандық самбистер әлем чемпионатында 10 медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасы 3 күміс (Әсет Анарбаев, Қайырберді Айдынбай, Асылбек Смайылов), 7 қола медаль (Арайлым Әбенова, Айбек Сәметаев, Ділдаш Құрышбаева, Арнұр Қуатай, Мирас Уәлиев, Гүлдана Әлмұхамбетова, Райхан Мәди) жеңіп алып, әлемнің 50-ден астам елінен жалпы есепте 9-шы орынды иеленді.