Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақ-қытай серіктестігі: Сарапшы Қазақстан үшін басты басымдықтарды атады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
5 Қыркүйек 2025, 15:24
657
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

31 тамыз – 3 қыркүйек аралығындағы Қытайға сапар Қазақстан үшін жаңа саяси әрі экономикалық мүмкіндіктердің бастауы болды. Сапар аясында қол қойылған келісімдер транзиттік дәліздерден бастап жасанды интеллектіге дейінгі салаларды қамтиды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенованың атап өткендей, сапар қарсаңында, 30 тамызда, Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, энергетика, көлік-логистика, білім беру және экология салаларын қамтитын 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстанда қосымша екі “Лу Бань” шеберханасын ашу және мәдениет жылы аясында бірлескен жобаларды іске асыру келісілді.

1 қыркүйекте Тоқаев ШЫҰ саммитінде сөз сөйлеп, көпжақты ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның көзқарасын таныстырды. Ал 2 қыркүйекте Бейжіңде Қазақстанның Мәдени орталығын ашып, гуманитарлық байланыстардың стратегиялық серіктестікті нығайтудағы маңызын атап өтті. 3 қыркүйекте Президент Қытайдағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге қатысты.

Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенованың айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы “барлық жағдайда өзекті стратегиялық серіктестікті” нақты істермен толықтырды.

Қытай – Қазақстан үшін тағдырлас көрші әрі сенімді серіктес. Тоқаевтың сапары тек декларативті емес, нақты инвестициялық және гуманитарлық келісімдермен айшықталды, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, сапар бірнеше маңызды бағытты айқындады:

  • Көлік және логистика. Қазақстан арқылы өтетін “Қытай–Еуропа” дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру міндеті қойылды. Бұл Транскаспий бағытының дамуына жаңа серпін бермек.
  • Энергетика мен өндіріс. Мұнай-газ, “жасыл” энергетика және металлургия саласында бірлескен жобалар талқыланды. Қытай компанияларының қатысуымен жаңа өндірістер ашу көзделіп отыр.
  • Агросектор және цифрлық технология. Органикалық ауыл шаруашылығы мен жасанды интеллект бағытындағы кооперация Қазақстанға жаңа нарықтар мен технологияларға жол ашады.
  • Гуманитарлық байланыстар. Мәдени орталық пен “Лу Бань” шеберханалары кадрлық және технологиялық көпірге айналмақ.

Гүлнар Шаймергенованың айтуынша, Қытайдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы $27 млрд-тан асып, 6 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ендігі мақсат – “сапалық тереңдікке” көшу.

Қазақстан үшін басты басымдықтар – Транскаспий дәлізін жеделдету, энергетикадағы жаңа жобаларды іске қосу, агроөнімді Қытай нарығына органикалық бренд ретінде шығару және цифрлық индустрияны дамыту. Бұл бағыттар біздің географиямызды нақты экономикалық артықшылыққа айналдырады, – дейді сарапшы.

Тоқаевтың Қытайға сапары тек саяси сенімді күшейтіп қана қойған жоқ, сонымен бірге экономикалық және мәдени байланыстарды да нығайтты. Енді басты мақсат – қол қойылған келісімдерді нақты іске айналдыру. Бұл Қазақстанға сауданы ұлғайтып, инвестиция тартуға және адами капиталды дамытуға жол ашады.

Өзгелердің жаңалығы