«Қазақ қоғамы талқылайтын мәселе емес». Теолог бала емізуге қатысты даулы сұраққа жауап берді

16 Қаңтар 2023, 12:18
4747
Бөлісу:
«Қазақ қоғамы талқылайтын мәселе емес». Теолог бала емізуге қатысты даулы сұраққа жауап берді

Белгілі шоуменге сұқбат берген психолог Лилия Ахметова үй жинау, тамақ істеу секілді жұмыстар нәзік жандылардың міндетіне жатпайтынын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Желіге тараған ақпаратқа сенсек, Ахметова әйел тек күйеуінің алдында жұбайлық борышын өтеуі тиіс.

Қалғаны – әйелдің өз құқығы. Ислам тұрғысында бала қарауға, ас әзірлеуге, үй тазалауға, тіпті баланы емізуге әйел міндетті емес. Оның бәрімен қамтамасыз ету — еркектің мойнында, - деп сұхбат берген психолог.

Бұндай пікірдің қайдан шыққанын белгілі теолог Кеңшілік Тышқан түсіндірді.

Оның сөзінше, исламның дінінің ішіндегі тақырыптарды қарастырған кезде біржақты айтуға болмайды. Құранда бұл жөнінде «Талах» сүресінде, «Бахара» сүресінде жазылған.

Әйелдің баланы емізу уақыты екі жыл. Яғни, толық екі жыл емізуі керек. Ғұлама Ибн Касирдің пікірінше,  әйел міндетті түрде бала дүниеге келген кезде уыз сүтін емізуге міндетті деген. Өйткені ол жерде баланың өміріне аса маңызды қорек уызда болады. Егер ананың өміріне қандай да зиян келетін болса, екі жыл өтпей жүкті болса, денсаулығы көтермеген жағдайда онда күйеуі баланы емізетін адамға берсе болады, - деді Кеңшілік Тышқан.

Теологтың айтуына қарағанда, емізбеуге қатысты шыққан әңгіме арабтардың ескі дәстүрінен шығып отыр.

Мекке ыстық жер болғандықтан ауқатты адамдар өз балаларын ауылдық аймақтарда өсірген. Олар белгілі бір уақыт балаларын ауылда өсіріп, құнарлы тамақпен қамтамасыз еткен. Яғни, балаларын уақытша асыраған өңір тұрғындары баланың әке-шешесінен нәмақа тапқан. Бұл «сүт анасы» деген мәселе. Біздің қазақ қоғамында бұл мәселе жоқ. Бірақ кездесетін жағдайлар болған. Мәселен, ананың сүті шықпаған жағдайда абсындары емізетін болған. Алайда, шариғат бойынша емізген ақысын әкесі қамтамасыз етуі керек. Тіпті баланы өзінің анасы емізсе де бүкіл шығын әкесінің мойынында, себебі бала әкенің мұрагері болып есептеледі. Сол себепті отбасын асырауда бүкіл жауапкершілік әкеде, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар теолог бұл тақырып бойынша Исламда әртүрлі көзқарас бар екенін атап өтті.

Біреулер емізуді міндеттейді, кейбірі ана мен әкенің арасында өзара келісіммен де болады дейді. Ислам дінінде «міндетті» деп қатып қалған қағида жоқ.

Қазақ қоғамында бұл ортаға салатындай мәселе деп ойламаймын. Өйткені қазақ үшін ана - ең мейірімді жан. Сондықтан оның іштен шыққан баласын емізбеймін деуі некен-саяқ деп ойлаймын, - деді Кеңшілік Тышқан.

Өзгелердің жаңалығы