Қазақ өнерін классикалық ансамбльмен ұштастырған өнер адамы жайлы білесіз бе? Еліміздің талантты өнерпаздарын «GN SEPTET» ансамбліне жинаған Ғалымжан Нарымбетовпен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан еді.
Ансамбль мүшелері Алматының әсем күзінде 7 қазан күні Астор Пьяцолланың «Жыл мезгілдері» шығармалары мен Француз композиторы Ришар Гальяноның «Нью Иорк танго», Клодқа арналған тангосымен құлақ құрышын қандырмақ.
– Ерекше стильдегі ансамбльді құру жайлы ой қашан келді?
– Ұлттық аспабымызбен үндескен классикалық әуендерді орындайтын ансамбль құруды 2006 жылдан бастап армандадым. Бұл ой іссапармен шетелде болғанда, Белгияға оқуға барған кезімде келген еді. Осылайша елге келіп, шығармашылыққа жаны жақын, талантты қыз-жігіттерді іздестіре бастадым. 2020 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында ең бірінші өзімнің жеке концертімді бердім. Сол жерде ансамбльмен бірігіп 3-4 шығарманы ойнаған едік. Қалай болар екен, тыңдармандар қалай қабылдайды деген қобалжу болды. Дегенмен қыз-жігіттердің өнеріне тәнті болғандар көбейіп, өнерімізді жоғары бағалады.
– Ансамбль құрамында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары бар екен.
–Осы жолғы концертімізге біз сазсырнай, домбыра аспабында ойнайтын өнерпаздарды шақырып отырмыз. Арман Жайым - Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, белгілі композитор, ансамбльдің пианисі сазсырнайға, ансамбльге арнап жеке концерт жазды. Домбыра, контрабас, баян үшеуі қосылып, шығармаларды ойнаймыз. Біз ансамбльмен бірігіп, осы екі аспабымыздың ерекшелігін көрсетпекпіз, қазақ мәдениетіне классиканы сіңіруге болады деген тұжырымдаманы қалыптастырғымыз келеді. Тыңдармандарымызға тосын сый ретінде ерекше өнерімізді әзірлеп жатырмыз. Оның бірі – Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», т.б. күйлерін орындауды жоспарлап отырмыз.
– Репертуарларыңызға тоқтала кетсеңіз. Қандай жанрда өнер көрсетесіздер?
– Біз Астар Пьяцолла 100 жылдығы 2021 жылы тойланған атақты аргентина композитордың шығармаларын орындап жүрміз. Ол кісі 1990 жылдары өмір сүрген. Шығармалары өте ерекше, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырады. Оның шығармаларының стилін «Tango nuevo» деп атайды. Сондай-ақ А́стордың шәкірті Ришар Гальяноның да туындыларын орындаймыз. Ол француздық композитор, аккордеоншы, өздерінің мемлекеттерінде джаз монстры деп атайды. Бұдан бөлек, репертуарымызға Себастьян Бахтың скрипкаға, гобойға арналған шығармаларын енгізіп жатырмыз.
– Ансамбль мүшелерінің барлығы дерлік Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында білім алған екен. Осы жайлы айта кетсеңіз.
– Иә, біз Ахмет Жұбанов атындағы мектепте білім алдық, сол жерде өстік. Дегенмен әр жылдарда бітірдік. Сол себептен көзқарасымыз, ойымыз бір жерден шығады. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Әрқайсымыздың жас ерекшеліктеріміз де әртүрлі болғаны кедергі келтірмейді. Қазіргі уақытта ансамбль мүшелері әр ұжымда еңбек етеді. Концерт қоюға жиналуымыз қиынға соғады. Дегенмен бірігіп өнер көрсетсек, еш қиындық туындамайды. Себебі әрқайсысы өз ісінің шебері. Әр буынның өкілі болсақ та, барлығымыздың басымызды қосқан өнер деп айта аламын.
– Астана қаласындағы концерт жақсы өтті. Ал Алматы тұрғындарын қалай таңқалдырмақсыздар?
– Үлкен концерт қояр алдында қобалжу болады. Астана қаласындағы опера және балет театрында концертіміз жақсы өтті. Концертімізді Астана халқы өте жақсы қабылдады, екі күн бойы аншлагпен өтті. Ансамбль мүшелерімен бірге Бибігүл Жанұзақ есімді опера әншісі өнер көрсетті. Еуропалық шығармаларды репертуарымызға таңдар кезде көп ойландым. Өзіміздің қазақ халқының мәдеиетіне сай келетін шығармаларды іздестірдім. Тыңдармандардың көңілінен шығады деген сенімдемін. Ал оңтүстік астанамызда «Алматы» театрында опера және балет әншісі Зарина Алтынбаева бізбен бірге ән шырқайды. Концерттік бағдарламаның басында классикалық туындылар орындалады, әрмен қарай Пьяццолланың шығармалары ойналады. Бұдан кейін, атап өткеніміздей, Ришар Гальяноның туындылары ұсынылады. Арасында ұлттық аспаптармен орындаймыз. Алдағы уақытта осы бағдарламамызбен елімізді аралап, алыс-жақын шетелге концертімізді ұсыну жоспарымызда бар.
– Продюсерлеріңіз жайлы айта кетсеңіз.
– Қазіргі уақытта белгілі теле радио жүргізуші, продюсер Қымбат Досжан ханым біздің продюсеріміз. Соңғы 5-6 ай бойы барлық ұйымдастыру жұмыстарымен Қымбат ханым айналысып жатыр. Еліміздің әр өңіріне барып, көзі қарақты көрерменді классикалық шығармалармен таныстыруды жоспарлап отырмыз. Әрине шығармашылық адамдарына ұйымдастыру жұмысымен айналысу мүмкін емес, сондықтан продюсердің еңбегі біз үшін өте маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет!