Қазақ мәдениеті мен тарихы: Алматы музейлері Еуропа елдерін бағындыруда

9 Қазан 2024, 12:39
321
Бөлісу:
Қазақ мәдениеті мен тарихы: Алматы музейлері Еуропа елдерін бағындыруда
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Мажарстан тұрғындары мен туристері «Қазақстан көшпенділері: өткені мен бүгіні» атты көрмеге ерекше ықыласпен баруда. Көрмені Алматы қаласы музейлер бірлестігі мажар қыпшақтарының астанасы – Карцаг қаласында ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы қаласының әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, еуропалықтар назарына 200-ден астам экспонат ұсынылды, олардың арасында ұлы Абай Құнанбайұлына тиесілі домбыра, XIII ғасырда Алматы аумағында соғылған күміс тиындар (дирхемдер), XIII-XX ғасырлардағы шекелік, алқа, білезік, сырға және жүзіктер сынды дизайны оюлармен әсемделген әрі күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, жүннен тоқылған кілемдер, ат әбзелдері, музыкалық аспаптар және қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері жайында сыр шертетін тұрмыстық заттар бар.

Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Мажарстан аумағында Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары тұрады, сондықтан бұл мәдени іс-шара жергілікті халық арасында үлкен қызығушылық тудырды. Көрмеге келген Карцаг қаласының тұрғындарының бірі – Шандор Бене өз әсерімен бөлісті.

Бүгін біз көптеген экспонатты көрдік, олар екі ел арасындағы терең байланысты айқындайды. Бұл көрмені әкелгендеріңізге өте қуаныштымын, өйткені ол ортақ дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды және мәдениетімізді көрсетеді. Әсіресе жастар қазақтар мен мажарлардың бауырлас халықтар екенін білетін болады. Бізде Карцаг қаласында ат спорты үйірмелері бар. Балаларды арнайы сол дәстүрлерді қайта жаңғырту үшін береміз. Енді осы көрменің арқасында біз жастарға тарихымызды айтып қана қоймай, ата-бабаларымызды байланыстырған өмір салтын көрсете аламыз, – деді Карцаг қаласының тұрғыны Шандор Бене.

Қазақ мәдениеті мен тарихы: Алматы музейлері Еуропа елдерін бағындыруда

Көрме 20 қарашаға дейін жалғасады. Ол екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлігінде қазақ халқының дәстүрі, салты, әдет-ғұрыптары, сәндік-қолданбалы өнері мен ұлттық музыкалық аспаптары көрсетілген экспонаттар ұсынылса, екінші бөлімде Алматы қаласының сұлу табиғаты мен заманауи келбетін бейнелейтін фотосуреттер қойылған. Көрмені жергілікті халықпен қоса Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Карцаг қаласының мэрі Тибор Сепеши және елге ресми сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов тамашалады.

Айта кетсек, бұған дейін Алматы қаласы музейлер бірлестігі халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту аясында Алматы әкімдігінің қолдауымен Аустрияда, Италияда, Түркияда, Оңтүстік Кореяда көрме өткізіп, Франциядағы Луврда кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында оқу оқыған болатын.

Өзгелердің жаңалығы