"Қазақ еліне +1 мәжілісмен". ОСК жаңа депутатты тіркеді

12 Ақпан 2024, 19:20
917
Бөлісу:
"Қазақ еліне +1 мәжілісмен". ОСК жаңа депутатты тіркеді
Фото: Орталық сайлау комиссиясы

Ортсайлауком ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетовті тіркеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылғы 12 ақпанында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, "Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.А. Қошмамбетовті тіркеу туралы" қаулы қабылданды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының бос мандаты Respublica партиясы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айтуар Асқарұлы Қошмамбетовке берілсін.  Айтуар Қошмамбетов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып тіркелсін, - делінген Орталық сайлау комиссиясының қаулысында.

Отырыс барысында ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық Заңның 24-бабына сәйкес депутаттың өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталатынын хабарлады.

Нұрлан Әбдіров Айтуар Асқарұлына белгіленген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыстап, оған депутаттық корпустағы жұмысына сәттілік тіледі.

Қошмамбетов Айтуар 1986 жылы 29 қарашада Мәскеу қаласында дүниеге келген.

2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Халықаралық құқық" мамандығы және 2012-2014 жж Экономика және құқық академиясының "Құқықтану" мамандығы бойынша магистратураны аяқтаған. 

2009-2010 жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданының прокуратурасында прокурордың аға көмекшісі лауазымында жұмыс істеді.

2010-2013 жылдары Алматы қаласының мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының көмекшісі болды.

2013-2015 жылдары Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасында директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

2015-2017 жылдары "ASIA INVEST LTD" ЖШС көпсалалы холдингінде жұмыс істеді.

2018 жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласы Кәсіпкерлер Палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды.

2020 жылдың қазан айынан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде директорлар кеңесінің мүшесі.

2020 жылдың 2 қарашасынан бастап Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры қызметін атқарды.

Алматы қаласы әкімінің, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталған, ҚР Әділет министрлігінің төсбелгісі бар.

Өзгелердің жаңалығы