Спорт журналисі Аслан Қаженов пен ақын, жазушы, журналист Азамат Әбілқайырдың бірлесіп әзірлеген "Қазақ чемпиондары" атты балаларға арналған комикс жанрындағы кітаптары жарыққа шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бес кітаптан тұратын комикс жанрындағы бұл туынды Париж-2024 Олимпиадасында жүлдегер атанған спортшыларға арналған. Кітапта дзюдошы Елдос Сметов, боксшы Назым Қызайбай мен Нұрбек Оралбай, палуан Демеу Жадыраев, гимнаст Нариман Құрбанов, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Президенті Геннадий Головкин де бар. Кітапта спортшылардың балалық шағы мен алғаш додаға түсіп, қазіргі уақытқа дейін жеткен жетістіктері бала тілімен түсінікті етіп берілген. "Қазақ чемпиондары" кітабы шынайы оқиғаларға негізділген.
Париж Олимпиадасында ақпарат тараттым. Эксклюзивті сұхбаттар жаздым. Арнайы фильмдер дайындадым. Қыз-жігіттердің қалай жаттығу жасап жүргеннен бастап Олимп шығын бағындырғанға дейінгі аралығын көрдім. Комикс жанры арқылы осыны жеткізгім келді. Балалар, жастар, жасөспірімдер бар. Олар қызығатындай , соның арқасында бір спорттық залға келіп, нәтиже көрсететіндей әлем немесе олимпиада чемпионы болып кететіндей жағдайлар болып жатса онда біздің миссиямыздың орындалғаны. Теңіздің тамшысындай болса да үлес қосқанымыз болып есептелетін еді. Әртүрлі форматты көре беру керек деп ойлаймын. Заман талабына сай қазір әртүрлі құралдар бар. Өте үлкен қарқынмен дамып жатыр. Жаһандану заманында сол көштен қалмау қажет. Комикс балалар әдебиетінде кішкене кенже қалған жанр. Соған үлес қосайық деген ниет, - дейді Аслан Қаженов.
Аталған кітаптар сатылымға шықпайды. Авторлар кітаптан қаржылық пайда табуды көздемейді.
Кітап сатылмайды. Оны саудаға салып, пайда табу деген мақсат жоқ. Мүмкіндігінше спорт орталықтарына, мектептерге, кітпаханаларға тегін таратылады. Оқырмандар келіп, көріп оқи алатындай мүмкіндік жасағымыз келеді. Одан кейін сайтта электронды нұсқасы болады. Сол жерден кез келген адам оқи алады. Алдағы уақытта біраз жобалар бар. Бірақ алдын ала жариялап, алға қарай жүгіргіміз келмейді. Біртіндеп осылай отандық спорттың дамуына үлес қоссақ дейміз, - дейді Аслан Қаженов.
Кітап авторларының бірі Азамат Әбілқайырдың айтуынша, балалар әдебиетіне комикс жанры ең қажетті жанрлардың бірі. «Қазақ чемпиондары» кітабының сол жанрмен жарыққа шығуы жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Комикс жанры төл әдебиетімізде кенже қалған жанрлардың бірі. Екіншіден комикс балаларға оқуға өте ыңғайлы. Қазір том-том кітаптарды шығарып қойып, бала кітап оқымайды деген заман өтті. Себебі ақпарат көп. Түрлі әлеуметтік желілер бар. Осы себепті де осыны білгеннен кейін де батыс әдебиеті Америка, көршілес Ресей елі болсын, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда әдебиеттерін барлығын комикс ретінде балаларға береді. Тіпті қолыңды сабынмен жу, жолдан жасыл жанғанда өтесің немесе жаңбыр жауғанда қолшатыр ұстайсың деген қарапайым дүниенің өзін комикс жанрымен жеткізеді. Сондықтан осы жанр таңдалды, - дейді Азамат Әбілқайыр.