Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан Олимпиада ойындарының Азия аймағы бойынша алғашқы іріктеу кезеңі 3-14 наурыз аралығында Иордания астанасы Амман қаласында өтеді.
Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев осы жарысқа қатысатын 8 боксшының тізімін жариялады. Қазіргі кезде құрама елордада соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Біз жақында боксшылардың жаттығуын өз көзімізбен көріп, кейбірімен аз-кем сұхбаттасып қайттық.
Ғалымбек Кенжебаев, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
Кемі алты жолдама жеңіп алуды жоспарлап отырмыз
– Негізі бокстан Олимпиада ойындарының алғашқы іріктеу ойындары ақпан айының басында Қытайдың Ухань қаласында өтуі қажет болатын. Бірақ коронавирусқа байланысты Иорданияға ауыстырылды. Бұл жағдай боксшыларға кері әсерін тигізбей ме?
– Уханьда өтеді деген кезде жақсы дайындалған едік. Алматыда Куба мен Жапония құрамаларымен оқу-жаттығу жиындарын бірлесіп өткіздік. Сосын Нұр-Сұлтан қаласында Германия және Англия құрамаларымен дайындалдық. Әрине, айтылған уақытында барғанымызда жақсы болушы еді. Дегенмен бұл жолы да дайындығымыз жаман емес.
– Осы іріктеуде қанша жолдама жеңіп алудан үміттісіздер?
– Иорданияда 8 салмақтың алтауында жолдама алсақ деп жоспарлап отырмыз. Барлығы сәтімен болып жатса, 8 салмақта да жолдама алуға мүмкіндік бар.
– Көпшілікті 57 келідегі таңдау неліктен Серік Теміржановқа түскені қызықтырады.
– Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін боксшылар 10 салмақта сынға түсіп келді. Бірақ Олимпиадаға өзгеріс енгізілді. Токиода 8 салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынады. Бұрын 56 және 60 келі бөлек еді. Сол екі салмақ 57 келіге біріктірілді. Ел чемпионатында 56 келіде Қалжанов, 60 келіде Төлтаев чемпион болған. Осы Олимпиада ойындарының іріктеу турниріне баратын боксшылар Ақтаудағы Шоқыр Бөлтекұлын еске алу жарысында анықталды. Төлтаев, Қалжанов, Теміржанов және 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиев 57 келіде сынға түсті. Бұлардың арасында Серік Теміржанов топ жарып шықты. Сондықтан осы жігітке сенім артып отырмыз. Осыдан кейін мүмкіндік береміз. Егер Серік мүмкіндікті пайдаланбаса, келесі іріктеуде басқа спортшы барады. Енді барлығы боксшының өз қолында.
– Кімдерге сенім артып отырсыздар?
– Бірінші кезекте көшбасшыларға сенім артамыз. Әлем чемпионы – Бекзат Нұрдәулетов, жүлдегерлер – Василий Левит пен Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл бар. Жалпы, тізімге енгендердің барлығын апарғаннан кейін сенім артамыз ғой.
– 69 келіде Абылайхан жолдама алмаса, келесі жарысқа Асланбек Шымбергенов бара ма?
– Бұл салмақта бұл екеуінен бөлек, Талғат Шайкен есімді жас боксшы бар. Әрине, көре жатармыз. Біз Иорданияға кетіп бара жатсақ, Асланбек Шымбергенов пен Қайрат Ералиев Финляндиядағы турнирге қатысады. Мүмкіндігі бар. Барлығы дайындалып жатыр.
– Дәл Олимпиада қарсаңында 75 келідегі Тұрсынбай Құлахметтің кәсіпқой боксқа ауысуын қалай түсіндіресіз?
– Біздің боксшыларға кәсіпқой бокстағы промоутерлер жиі көз салады, келісімшарттар ұсынады. Оны да шақырған екен. Келісімшартқа қол қойған. Бірақ Тұрсынбай Құлахмет қазіргі кезде бізбен бірге оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Олимпиадаға іріктеу жарыстары әлі біткен жоқ. Оны көре жатады, шешімді өзі қабылдайды.
Серік Теміржанов, боксшы:
Олимпиада ойындарына қатысқан алғашқы павлодарлық боксшы атанғым келеді
– Иорданияда өтетін лицензиялық турнирге қатысуға Ақтаудағы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық жарыстың нәтижесі бойынша мүмкіндік алдым. Себебі мен сонда 57 келіде үздік атандым. Ақтау рингінде осы салмақтың мықтыларының бәрі жиналды. Соның ішінде, әлем чемпионы Қайрат Ералиев, Ільияс Сүлейменов, Нұрбол Қалжанов, Саматәлі Төлтаев сынды кіл мықтылар қатысты. Бәрімізге бірдей мүмкіндік берілді. Мен Ақтауда төрт кездесу өткізіп, жеңімпаз атандым. Одан кейін Куба және Жапония боксшыларымен оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сол кезде бапкерлер штабы спарринг кездесулерімізді қарады. Осыдан соң "сен барасың" деп айтты.
– Ақтаудағы халықаралық жарыста кімдермен кездестің?
– Мен Ақтауда төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Бірінші күні Алматы облысының боксшысы Рустам Рустамовпен жолым түйісті. Ол маған өте ыңғайсыз спортшы. Осы уақытқа дейін екеуміз кездескенде мен ұтылып қалған болатынмын. Бапкерімнің дайындаған арнайы тактикасының арқасында бұл жолы басым түстім. Екінші жекпе-жегімді Ақмола облысының спортшысы Оразбек Асылқұловпен өткіздім. Екеуіміз құрдаспыз, жас боксшы. Жарыстың үшінші күнінде ұлттық құрамадағы тәжірибелі Саматәлі Төлтаевты қапы қалдырдым. Ал финалда қарағандылық Рүстем Шауменовтің осал тұсын таптым. Нұрбол Қалжанов, Ілияс Сүлейменов, Қайрат Ералиев секілді мықтылар екінші топта болып, олармен жолымыз түйіспеді.
– Басты қарсыластарың ретінде кімдерді атар едің?
– Ешкімді бөліп-жарып айтпай-ақ қояйын. Құрлықта осал ешкім жоқ.
– Бұған дейін қандай жетістіктеріңіз бар?
– Ересектер арасында Қазақстан спартакиадасында жүлдегер атанғанмын. Сондай-ақ, Венгрияда өткен халықаралық турнирде жеңіске жеткенім бар. Барлығы алда деп сенемін.
– Сіз дүниеге келген Павлодар өңірінен 1992 жылы ТМД құрамасы сапында Николай Кульпин Олимпиада ойындарына қатысқанын білеміз. Одан кейін тәуелсіз Қазақстан тарихында ешқандай боксшы бармаған...
– Иә, бұйырса бірінші болып, Павлодардың атынан өзім қатысқым келеді. Ол үшін аянып қалмасым анық. Жеке бапкер Азамат Мақажанов пен ұлттық құрама бапкерлерінің сенімін ақтаймын деп ойлаймын. Мақсатым – лицензиялық турнирде жеңімпаз атанып, көк туымызды көкке көтеру.
3-14 наурыз аралығында Азия/ Тынық мұхит аймағы бойынша аймақты іріктеу турниріне қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі:
- 52 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов сынға түседі;
- 57 келіде бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы Серік Теміржанов бақ сынайды;
- 63 келіде Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зәкір Сафиуллинге сенім артылған;
- 69 келіде әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов жұдырықтасады;
- 75 келіде әлем чемпионатының және Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл шаршы алаңға шығады;
- 81 келіде 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов ел намысын қорғайды;
- 91 келіде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит күш сынасады;
- аса ауыр салмақта команда капитаны, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жолдамаға таласады.