10 жастағы Рамина Сатыбалды Армения астанасында өткен халықаралық ән байқауына Қазақстан атынан қатысып, бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жас әнші Ереван төрінде «Қазақпын» және «Wrecking ball» әндерін шырқап, ең жоғары ұпай жинаған. Бұл жеңісі арқылы ол Италияда өтетін «Viva Italia» байқауына жолдама алып отыр. Айта кетсек, «Golden Voice» атты байқауға АҚШ, Ресей, Армения, Эстония, Литва сияқты бірнеше елдің 100-ден астам үміткері қатысқан.
«Бозторғай» және «Шаттық» халықаралық байқауларының директоры, Халықаралық байқаулар мен фестивальдер қауымдастығының мүшесі, «Славянский базар в Витебске» халықаралық өнер фестиваліндегі Қазақстанның ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова хабарласып, Рамина Қазақстанның атынан шығады деп айтты. Қатты қуандық, бірден «Барамыз!» дедік. Димаш Құдайберген, Рухия Байдүкенова сияқты қазақ өнерінің мақтаныштарын алғашқы ірі байқауларға алып шыққан білікті маманның назары біздің қызымызға ауғанына қатты қуаныштымыз. Оның Раминаға қойған «Барби» деген лақап аты қазір кеңінен таралып кетті. Бәрі қызымызды «Қазақ Барбиі» деп таниды», - деді әншінің анасы Рауан Міржүсіпова.
Рамина 4 жасынан бері әншілікпен әуестеніп жүр. Қазірдің өзінде 50-ге жуық халықаралық және республикалық өнер байқауында жеңіске жетіп, «Ұлы дала дарыны» төсбелгісін иеленген. Әннен бөлек би, вокал, гимнастика, жүзу, сквошпен айналысады. Домбыра, барабан, фортепиано аспаптарын меңгерген.