Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьер-министрі Никол Пашинянды қарсы алды. Кездесуде Президент екі ел арасындағы серіктестік жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ еліне қош келдіңіздер! Бүл басқосудың екі ел үшін де мән-маңызы зор. Біз достығы берік, сыйластығы жарасқан халықпыз. Армения - Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді, – деді Президент.
Оның терең тарихыны, мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды.
Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл екі ел халқын жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды. Арменияда алғаш рет Қазақстанның Мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды, – деп айтты Тоқаев Ақордада.
Президент Пашинянға осы бастамаларға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Екі ел арасында ашық әрі сенімге негізделген саяси диалог қалыптасқан. Аймақтық және халықаралық құрылымдар аясында тығыз әрі тиімді байланыс орнады. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім-ғылым салаларындағы ықпалдастығымыз тұрақты түрде дамып келеді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетаралық байланысымыздың сипаты ерекше. Алдағы уақытта да қарым-қатынасымызды тұрақты дамытуға зор мүмкіндік бар. Бүгін біз екі ел арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық деңгейге көтеру туралы тарихи құжатқа қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы Армения премьер-министрімен кездесуде.