Қаза тапқан кеншілердің отбасына қанша теңгеден төлем берілетіні белгілі болды

28 Қазан 2023, 21:27
2977
Бөлісу:
Қаза тапқан кеншілердің отбасына қанша теңгеден төлем берілетіні белгілі болды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы апаттан қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көрсетілетін көмек туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет қаза тапқан кеншілердің отбасыларына асыраушысынан айырылғаны үшін төлемдер төлейді. Бірінші төлем – ол базалық жәрдемақы. Екінші төлем – әлеуметтік сақтандыру қорынан. Үшінші төлем – өмір сақтандыру компаниясынан. Төлемдердің орташа мөлшері 400 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін. Бұл төлемдер асырауында болған жасөспірімдер 18 жасқа толғанша дейін, ал егер балалар оқу орнында оқып жатса (ЖОО, ТжКБ), 23 жасқа дейін төленеді, - деді ведомство басшысы.

Сөзінше, АрселорМиттал ұжымдық шартқа сәйкес, міндетті түрде қаза тапқан кеншінің отбасына 10 жылдық еңбекақысын төлейді.

Екіншіден, балалар оқу орнында оқып жүрсе, онда АрселорМиттал балалардың оқуын төлейді. Сондай-ақ отбасына жеке пәтер сатып алып береді. Балалардың жазғы демалысы, санаторияға жолдамасын ұжымдық шартқа сәйкес АрселорМиттал алып беруі керек, - деді ол.

Светлана Жақыпова атап өткендей, инвестор ауысса да, ұжымдық шартқа сәйкес қаза тапқан кеншілердің отбасына барлық әлеуметтік көмек толықтай көрсетіледі.

Бұған дейін Үкімет шахтада қаза тапқандардың отбасыларына көрсетілетін көмек шараларын бекіткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы