Қайырбек Сүлейменов: Құрылыс компаниясы балық шаруашылығымен айналысқысы келген

21 Желтоқсан 2021, 18:32
1396
Бөлісу:
Қайырбек Сүлейменов: Құрылыс компаниясы балық шаруашылығымен айналысқысы келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті.

Кеңес жұмысына мемлекеттік органдар, бизнес және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Жиында кәсіпкерлердің құқығы нақты бұзылған фактілер бойынша өтініштері қаралды.

Құрылыс компаниясы балық шаруашылығымен айналысқысы келген. Ақтөбе облысының тұрғыны, «Ардағым» шаруа қожалығының басшысы Момынжан Қали Кеңестен көмек сұрап жүгінген. Ол құнды, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балық түрлерін көбейту бойынша мемлекеттік сатып алу кезінде құқығының бұзылғанын мәлімдеді. Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы құнды, сирек кездесетін балықтарды өсіру бойынша мемлекеттік сатып алуды балық өсіруге қатысы жоқ құрылыс компаниясына тапсырған.

Ішкі мемлекеттік аудиттің бастамасымен бұл байқау іске аспаған. Алайда жергілікті әкімдік осы қызметтерді сатып алу процедурасын қасақана өткізбей, мерзімін созып отыр. Осы әрекетімен әкімдік өңірде бағалы балық түрлерін жасанды жолмен молайту жөніндегі шараларды үзіп, «Ардағым» шаруа қожалығының құқығын бұзды.

Біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін жеткізушіге байқауға қатысуға рұқсат беру Ақтөбе облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы лауазымды тұлғаларының мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы анық бұзғанын көрсетеді. Ал байқауды өткізу мерзімдерін негізсіз созу сирек кездесетін және құнды балық түрлерінің шабақтарын өсіру бойынша мемлекет жоспарлаған шараларға кедергі келтіреді, – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес Мемлекеттік ішкі аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне байқау өткізу кезінде Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуына жол бергені үшін Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының кінәлі лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапқа тартуды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы