Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қайтыс болған салымшылардың жинақтары қалай рәсімделетіні туралы ақпарат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қор өкілдерінің мәліметінше, алдымен марқұмның отбасы жерлеу рәсіміне арналған біржолғы төлемді ала алады. Бұл төлемнің мөлшері 94 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең. Егер марқұмның жинақтары көрсетілген сомадан аз болса, онда шоттағы барлық қаражат толық төленеді.
Өтінішті БЖЗҚ бөлімшесінде, мобильді қосымша арқылы немесе қордың ресми сайты арқылы беруге болады.
Құжаттар тексерілгеннен кейін төлем 5 жұмыс күні ішінде аударылады.
Марқұмның қалған зейнетақы жинақтарын алу үшін мұрагерлер міндетті түрде нотариусқа жүгінуі тиіс.
Нотариус e-NOTARIAT жүйесі арқылы БЖЗҚ-ға сұрау жолдап, жинақтар туралы ақпарат алады.
Егер мұрагер алты айлық мерзімді өткізіп алса, мұрагерлік құжатты қалпына келтіру үшін сотқа өтініш беру қажет.
Мұрагерлік құжат дайын болғаннан кейін БЖЗҚ-ға өтінім беріледі. Қорға тиісті құжаттарды жеке түрде немесе пошта арқылы жіберуге болады. Қажетті құжаттар БЖЗҚ-ға түскен соң, мұрагерлерге төлемдер 10 жұмыс күні ішінде аударылады.