Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қайтыс болған адамның екі бүйрегі, жүрегі мен бауыры донорлыққа алынды

Бүгiн, 15:46
218
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Алматы облысының көпбейінді клиникалық ауруханасында көп ағзалық донорлық процесс сәтті аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Дәрігерлік консилиум қорытындысы бойынша 1979 жылы туған пациенттің ми өліп кеткені анықталды. Түсіндірме әңгімеден кейін оның туыстары қайтыс донорлыққа келісім берді.

Барлық кезеңдерді ұйымдастыру мен үйлестіруді Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қамтамасыз етті. Донорлық процесс барысында екі бүйрек, жүрек, бауыр және мөлдір қабық алынды.

Барлық донорлық ағзалар қажетті медициналық ұйымдарға жедел жеткізілді. Кейін жүрек, бауыр, бүйрек және мөлдір қабықты трансплантациялау сәтті аяқталды. Медициналық көмек пациенттерге, оның ішінде республикалық күту парағында тұрған балаға да көрсетілді.

Денсаулық сақтау министрлігі туыстарына көрсеткен батылдығы және басқа адамдардың өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғыс айтты.

Еске салсақ, 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда трансплантация күту парағында 4 506 пациент бар, оның ішінде 123 бала тұр. Күту парағындағы пациенттердің басым бөлігі, яғни 90%-дан астамы бүйрек трансплантациясын қажет етеді.

Бұған дейін қайтыс болған донордың арқасында 4 адамның өмірі құтқарылған еді.

Өзгелердің жаңалығы