Қайтарымсыз қаражаттың қайтарымы мол

31 Қаңтар 2025, 08:48
539
Бөлісу:
Қайтарымсыз қаражаттың қайтарымы мол
Фото: жеке мұрағат

Мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жыл сайын халыққа бірқатар грант түрлерін ұсынып келеді. Соның ішінде ауыл-аймақтағы, шалғайдағы жұрт үшін тиімдісі бір реттік, көлемі 400 АЕК-ті құрайтын грант. Грант талабы бойынша әрбір қатысушы тек бір рет қана ала алады. Жамбыл облысындағы шалғай елде кәсіп көзін тапқан жандармен BAQ.KZ тілшісі жүздесіп қайтты.

Грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп жазылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.

Қайтарымсыз грантқа business.enbek.kz порталы арқылы порталда тіркеліп, грант алуға сәйкес тексеруден өтіп, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтырып, қайта енгізіп және өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қойып, кәсіп көзін бастаған ауылдық жерлердің жаңа кәсіп бастаушылары бұл бағдарламаға дән риза.

Аспаз – адалдық пен тазалықты ту еткен маман

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұғымы бүгінгі қоғамда кең көлемде насихатталып келеді. Президенттің бастамасымен биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл тек аталмыш сала мамандарының ғана емес, ел аумағында әртүрлі жұмыс бастап, кәсіп ашып, айналасына өзгелерге үлгі-өнеге болып жүрген бірқатар азаматтардың ісінің ілгері жылжуына септігін тигізеді. Адал еңбек, маңдай терімен өзі де нәпақа тауып, өзгелерге де қолұшын беріп келе жатқан жанның бірі – Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылының тұрғыны Рамина Камалова.

Рамина Камалова тұрмыстың жүгін жалғыз арқалай жүріп, бала тәрбиесімен де айналыса жүріп, ауылдық жерде жұмыс жоқ демей, өзінің қолынан келетін аспаздық өнерін дамытып, шыңдап, кондитерлік тәтті тағамдардың түр-түрін дайындауда.

Бұл менің сүйікті ісім. Қайтарымсыз қаражаттың барын естіп, мемлекет қолдауына сүйеніп, өз ойымдағы кәсібімді бастадым. Жалпы 2013 жылдан бастап осы ойға келіп, ниеттеніп, үйден дайындап, көпішілікке ұсынып жүрген едім. Халықтың сұранысы, тапсырысы күн сайын арта түсті. Асыраушымнан айырылған соң балалардың бәрі өз қолыма қарап қалды. Бұл атаулы бағдарлама маған үлкен серпін берді. Кәдімгі кәсіпкерлік бағытты меңгеріп, күнкөріс жағдайымыз артты. Тұтынушы – клиенттердің талабын, сұранысын орындау мақсатында әрі тапсырысты көбейту үшін өзімнің өнімдеріме үнемі жаңашылдық қосып отырамын, үнемі ізденісте жүремін, – дейді жас кәсіпкер Рамина Камалова.

Мемлекеттің беретін қайтарымсыз бір реттік гранты арқылы ауданда тірлігін тіктеген жандар көп.

Бұл – шығыны, машақаты көп кәсіп болса да, табысты жұмыс. Қахетті техникаларымды алып, бірден іске кіріскен соң бұрынғы – бұрынғы ма – тапсырыс көлемі ұлғая берді. Қазір жанымда қолынан тірлік келетін жандарға жұмыс беріп отырмын. Тапсырыс көп, күніне кем дегенде он бестен аса тапсырыс қабылдаймын. Бұл ең бірінші жатпай-тұрмай жасайтын еңбекті талап етеді. Қазір, шүкір, табыс артып, жұмыс көлемін кеңейтіп келемін. Жұмыс жоқ деген бос сөз. Ең бастысы, ниет болса, талап болса – ойға алған арманға жетуге тәуекел ете білу керек, – дейді кондитерлік кәсіп иесі Рамина.

Алдағы кезеңдерде бұл кәсіппен тоқтап қалмауды мақсат тұтқан ол бастысы, қорықпай, тәуекелге бел буып нақты жоспармен қадам басамын деп отыр.

Шебердің қолы – көпке ортақ

Қайтарымсыз қаражаттың қайтарымы мол

Бір өзіне ғана емес, көпшіліктен көмегін аямай, кәсіптің көзін тапқан тағы бір қарапайым ауыл тұрғыны – Қызылқайнар ауылында тұратын Динара Қалиева. Үйде отырып-ақ, бала тәрбиесімен айналысып жүріп-ақ, ауыл-аймаққа өнегелі тірлігімен сүйкімі артқан жан.

Динара Қалиева – он саусағынан өнер тамған шебер тігінші. Ең алғаш киім қысқартып, ауыл-аймақ тұрғындарына мерекелерде ұлттық киім тігіп бастап, елдің көзіне түсіп, сұранысқа ие бола бастаған. Алғаш жұмысын аяқ киім тоқып, балаларға арналған ойыншық, дамыту құралдарын ойластырып, сатылымға шығарып келеді. Динара аудан әкімдігінің ұсынған қайтарымсыз қаражатына жоба-жоспар ұсынып, грант иегері атанған. Осы қаржы арқылы кәсібін дөңгелетіп, өркедетіп келеді. Қызығушылығы арқылы ізденісте жүріп, арнайы курстарға да қатысып, біліктілігін жетілдіруде. Атап айтқанда, «Шебер шаңырақ» курсына қатысып, ары қарай тәжірибесін шыңдаған.

«Шебер шаңырақ» курсына қатысып, неше түрлі қолөнер бұйымдарын тоқып, үйреніп алдым. Алғашында ауылдың тұрғындары, жалпы халық кішігірім бантик, шұлық сияқты қолөнер бұйымдарын алып жүрді. Қазір түрлі саланы, түрлі бағытты меңгеруге талпынып келетін. Мысалы, кішкентай балаларға арналған дамытушылық кітаптарын, ойыншықтарын жасап келемін. Сұраныс жоғары. Қазіргі кезде бәріміз бала десе ішкен асты жерге қоямыз гой, ал олардың сұранысы ерекше, оларға жасалатын дүние ерекше мұқият болуды талап етеді. Балалардың ойлау жүйесін дамытуға арналған кітапшаларды креативті етіп, жасап шығуға тырысамын, – дейді шебер Динара Қалиева.

Иә, «Шебердің қолы көпке ортақ» дейді халық даналығы. Динараның алға қойған мақсаты көп. Ең алдымен, нақты жоба арқылы кәсібінің көкжиегін кеңейту. Сонымен қатар, ине-жіп ұстауға бейім, ой-қиялы бар қолынан іс келетін жастарды тігіншілік, қолөнершілік өнерге баулу және де еңбекке үйрете жүріп ауыл тұрғындарына жұмыс ұсыну.

Мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп, оның үстіне жұмыс көзін ашып, салық төлемін төлеп, заң аясында талапқа сай еңбек етіп жүргендерге үнемі қолдау білдіріп келеді. Соңғы кезде шалғай елдімекендердің өзінде ет, сүт, май өнімдерінің түр-түрін өндіріп, ауыл ажырын кіргізіп отырған жандар жетерлік. Осы орайда көштен қалмай, қоғамға масыл болмай, бір елде ерлік істер атқарып келе жатқан әрбір қыз-келіншектердің жұмыс – бағалауға лайықты еңбек.

Өзгелердің жаңалығы