Қайтарылған активтер: Шымкентте ерекше балаларға арналған жатақхана ашылды

Жаңа нысанның ашылуы – қайтарылған қаражаттың нақты әлеуметтік нәтиже беріп отырғанының айқын көрінісі.

 ҚР Бас прокуратурасы Бүгiн 2026, 19:14
Бүгiн 2026, 19:14
107
Фото: ҚР Бас прокуратурасы

Шымкент қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне заманауи жатақхана пайдалануға берілді. Жоба заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен қаржыландырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Бас прокуроры Беріс Асыловтың сөзінше, жаңа нысанның ашылуы – қайтарылған қаражаттың нақты әлеуметтік нәтиже беріп отырғанының айқын көрінісі. Бұған дейін интернаттағы балалар 1975 жылы салынған, инфрақұрылымы тозған ғимаратта тұрған. Нормасы 125 орын болса да, онда 290 бала орналастырылған.

Жаңа жатақхана 300 орынға арналған. Ғимараттың жалпы ауданы – 8288,7 шаршы метр. Ол заманауи талаптарға толық сай жабдықталған. 3,5 гектар аумақта футбол алаңы (800 м²), воркаут аймағы, ойын және демалыс алаңдары қарастырылған, - деді Асылов.

Ішкі құрылымы да балалардың қажеттілігіне бейімделген: ұлдар мен қыздарға арналған бөлек блоктар, медициналық бөлім, кең ойын бөлмелері және қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастыратын өзге де функционалдық кеңістіктер бар.

Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылды. Арнаулы мемлекеттік қордан, яғни қайтарылған активтер мен сатылған мүліктерден түскен қаражат есебінен 2,6 млрд теңге бөлінген.

Бас прокуратура мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр. Ел бойынша шамамен 500 млрд теңгеге 440 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысы қаржыландырылған. Оның ішінде 319 нысан пайдалануға берілген. Бұл – мектептер, ауруханалар және сумен жабдықтау жүйелері.

Жалпы алғанда, қайтарылған активтерді қоғам игілігіне бағыттау – әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды тетігіне айналып отыр. Әрбір қайтарылған теңге азаматтардың өмір сапасын жақсартуға жұмсалуы тиіс.

Наверх