Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған базар 2 млрд теңгеге арзандады

Бүгiн, 18:08
110
Бөлісу:
 sauda.e-qazyna.kz
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Алматыдағы «Байсат» көтерме-бөлшек сауда базары үшінші рет аукционға шығарылды. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясының ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

E-Qazyna порталындағы сауда-саттық 5 ақпан күні сағат 12:00-де (Астана уақытымен) өтеді. Бастапқы баға – 24 млрд 772 млн теңге. Осылайша базардың құны алдыңғы аукционмен салыстырғанда шамамен 2 млрд теңгеге төмендеді.

Аталған нысан алғаш рет былтыр қараша айында сатылымға қойылғанымен, қатысушылар болмағандықтан аукцион өтпеген. Ал желтоқсан айында қайта ұйымдастырылған саудада «Байсаттың» бастапқы бағасы 26,7 млрд теңге болған, алайда ол жолы да сатып алушы табылмады.

Айта кетейік, жалпы аумағы 4 221,4 шаршы метрді болатын үш нысан мен 1,4 гектар жер телімінен тұратын бұл бөлік бұған дейін өзара байланысы бар «КазГерСтрой» және Astana Finansial Group компанияларының иелігінде болған. Аталған компаниялар Кайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанмен байланысты.

2024 жылдың қаңтарында Алматы прокуратурасы бұл үлесті мемлекет меншігіне қайтарды. Бұған дейін Кайрат Сатыбалды сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында «Байсат» базарының негізгі бөлігін және мемлекетке 650 млрд теңгені өз еркімен қайтарған.

Еске салайық, Кайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурызында шетелге ұшпақ болған кезде ұсталып, кейін бірқатар ауыр баптар бойынша кінәлі деп танылды. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді әрі 10 жылға мемлекеттік қызметте және ұлттық компанияларда жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сотта оның «Қазақтелеком» компаниясына 12 млрд теңгеден астам шығын келтіргені және «Көлік сервистік орталығы» АҚ мүлкін жымқырғаны дәлелденді. Үкім шығарылар алдында Сатыбалды кінәсін мойындап, келтірілген залалды толық өтеген.

Бұған дейін Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қайтарған ақшасы қайда жұмсалғаны белгілі болған еді.

Өзгелердің жаңалығы