Қазақстан Премьер-лигасының 23-туры аясында өткен "Ақтөбе" мен "Қайрат" арасындағы ойында алматылық клубтың қақпашысы Темірлан Анарбеков жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports.kz-ке сілтеме жасап.
11-минутта қақпашы допқа ұмтылған сәтте қарсылас ойыншымен бетпе-бет соқтығысып, ойынды жалғастыра алмады. Дәрігерлердің көмегінен кейін Анарбековті зембілге салып, электр көлігімен алаңнан әкетуге тура келді. Оның орнына қақпаны Шерхан Қалмырза қорғады.
Айта кетейік, «Қайрат» биыл Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған. Қазақстандық клуб 30 қыркүйекте алғашқы ойынын испандық «Реалға» қарсы өткізеді. Сондай-ақ, алматылықтар ағылшындық «Арсеналмен», италиялық «Интермен», португалдық «Спортингпен», бельгиялық «Брюггемен», даниялық «Копенгагенмен», грек «Олимпиакоспен» және кипрлік «Пафоспен» бір топта бақ сынайды.