Ұлттық статистика бюросының мәліметінше Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар 11 азық-түліктің бағасы республикалық орташа бағадан төмен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірде бидай ұнының бағасы елдегі орташа бағадан 33 % арзан. Яғни орташа баға 224 теңге болса, Петропавлда ұнның келісі 150 теңге тұрады. Ал сәбіз бағасы 14% арзан. Сәбіздің елдегі орташа бағасы 152 теңге болса, СҚО-да оның құны – 130 теңге. Елдегі ең арзан жұмыртқаны да Солтүстік Қазақстаннан табуға болады. Мұнда С1 санатындағы жұмыртқа – 462 теңгеден саудаланып жатыр, ал бұл өнімнің елдегі орташа бағасы - 545 теңге.
Осы өңірде сүзбе бағасы 25 пайызға арзан. Елде сүзбенің 1 келісі 2172 теңгеден саудаланса, СҚО-да 1622 теңгені құрайды. Картоптың бағасы 14 пайызға арзан.
Сондай-ақ сиыр еті СҚО-да 2388 теңге, бұл республикалық орташа бағадан 7,2 пайызға арзан. Нан (-17,4%) мен рожки (-19,6%) құны да арзан. Республикалық орташа бағадан арзан өнімдер қатарында қарақұмық жармасы, сары май, пияз бен орамжапырақ та бар.
Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау, тіпті ӘМАТ тізіліміндегі 11 тауардың құнын елдегі орташа бағадан арзандату үшін мониторинг және мемлекеттік бақылау шаралары жүргізіліп келеді. 11 айдың қорытындысы бойынша ӘМАТ тауарларына сауда үстемесін тиісті 15%-дан асырғаны үшін 134 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 118-і ескерту болса, 16 кәсіпкерге айыппұл берілді, - деді СҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.