БҰҰ баяндамасына сәйкес, Солтүстік Кореяда шетелдік фильмдер мен телесериалдарды көрген азаматтар жиі өлім жазасына кесіледі. Есеп елдегі қатаң бақылау, аштық және мәжбүрлі еңбек туралы деректерді қамтыды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
БҰҰ Адам құқықтары басқармасының мәліметінше, соңғы он жылда Пхеньян билігі халықтың өмірінің барлық қырын қатаң бақылауға алған. Технологиялардың дамуы бақылауды күшейтіп, азаматтардың еркіндігін одан әрі шектеген.
Есеп 300-ден астам қашқынның куәліктеріне негізделген. Олардың айтуынша, әсіресе 2020 жылдан бері шетелдік контент үшін жазалау жиілеп, жазалар көп жағдайда көпшіліктің көзінше атумен жүзеге асырылады.
Мысалы, Оңтүстік Корея өнімдерін таратқан үш адам жазаланып, олардың бірі небәрі 23 жасында өлім жазасына кесілген.

Солтүстік Корея билігі соңғы жылдары алты жаңа заң қабылдап, оның ішінде шетелдік медианы көруді өлім жазасымен жазаланатын қылмыс ретінде бекітті.
БҰҰ баяндамасында елде аштықтың күшейгені, еркін сауданың тоқтатылғаны және шекарадан қашып шығу мүмкін еместей қатаң бақылау орнатылғаны да айтылған. Азаматтар көбіне мәжбүрлі еңбекке жегіліп, тіпті балалар да ауыр жұмысқа тартылған.
БҰҰ бұл жағдайды Халықаралық қылмыстық сотқа жеткізуді ұсынып, Солтүстік Кореяны саяси лагерьлерді жабуға және өлім жазасын тоқтатуға шақырды.