Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 8-9 қазанда Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстан Республикасына ресми сапары өтеді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Сапар аясында Сергей Лавровтың Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚР сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесулері жоспарланған.
"Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары арасындағы алдағы диалог барысында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының негізгі мәселелері, БҰҰ, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграциялық бірлестіктер аясындағы екі елдің өзара іс-қимылдары талқыланады. Сонымен қатар, келіссөздердің негізгі тақырыптарының ішінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заманауи сын-қатерлер мен қауіптер", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ тараптар ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланып отырған Омбы қаласындағы Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының XVI форумы, Бішкек қаласындағы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі және тағы басқа жоғары деңгейдегі алдағы екіжақты және көпжақты іс-шараларды дайындау мәселелерін талқылайды.