Әлеуметтік желілерде Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалдың бейнежазбалары таралып жатыр. Пайдаланушылардың мәліметінше, жаппай төбелеске қатысушылардың арасында Қазақстан азаматтары да болуы мүмкін. Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулдығы Усть-Луга кентінде болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. BAQ.KZ тілшісі бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер министрлігінен пікір сұрады.
Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы 2026 жылғы 26 наурызда Усть-Луга кентінде “Велестрой” компаниясының нысанында болған, Қазақстан азаматтары қатысқан жанжал туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиғаға қатысушыларды Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары мән-жайды анықтау үшін ұстаған. Ресейдің құзырлы органдарына және компания басшылығына ресми сауалдар жолданды, – деп хабарлады ҚР СІМ.
Ведомствода атап өткендей, қазақстандық дипломаттар толық ақпарат алу үшін Ресейдің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасап жатыр.
Дипломаттар Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысы бойынша ІІМ бас басқармасымен байланыста. Мақсат – Қазақстан азаматтарының нақты санын және құқықтық мәртебесін анықтау. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында, – деп атап өтті ведомство.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде ұсталғандар саны мен жанжалдың себептері анықталып жатыр.