Қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған 118 лицензияның қолданылуы тоқтатылды

4 Мамыр 2022, 13:45
1934
Бөлісу:
Қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған 118 лицензияның қолданылуы тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Минералдық-шикізат базасын толықтыру, геологиялық зерделеуді арттыру, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету және жаңа өндіріс орындарын құру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жер қойнауын пайдалану құқығы беріледі. 

Бұл туралы Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл мақсатта 1700-ден астам лицензия беріліп, 800-ге жуық отандық юниорлық компания құрылған. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін отандық бизнес өкілдері кен орындарын барлау бойынша міндеттемелер алып отыр. Жалпы 2018 жылдан бастап жер қойнауын пайдалану саласына шамамен 7 трлн теңге инвестиция тартылған. Жыл сайын 38,6 млн тонна темір рудасы, 1,4 млн тонна алюминий тотығы өндіріледі, сондай-ақ 2,7 млн тонна мыс концентраты мен 193 мың тонна қорғасын концентраты шығарылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір барлық кен орнын тексеріп жатырмыз. Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласында 499 келісімшарт және 1738 лицензия іске асырылуда. Жер қойнауын пайдалануға бұрын-соңды берілген қолданыстағы барлық келісімшарт пен лицензияларға талдау жасалды. Бұл 2 мыңнан астам құжат. Осылайша, 118 лицензияның қолданылуы тоқтатылды. Талдау қорытындысы негізінде қолданыстағы 1620 лицензия бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады, – деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев. 

Ендігі кезекте міндеттемелерді орындау көрсеткіштері 100 пайыздан төмен болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар тексерілетін болады. 

Министрдің ақпаратына сәйкес, жаңа шарттар бойынша әрбір жер қойнауын пайдаланушы өңірлік әлеуметтік жобаларға қатысып, жаңа өндіріс орындарын құратын болады. Сонымен бірге, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртып, қосымша жұмыс орындарын құрады және отандық өндірістік кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді. 

Айта кетерлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Экология министрлігімен бірлесіп, ҚР жер қойнауын пайдалану үшін қолжетімді барлық аумақты мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына қосу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ қатты пайдалы қазбалар мен кең таралған пайдалы қазбалар бойынша пайдаланылмайтын кен орындарын игеру мақсатында қолға алынған шара. 

Өзгелердің жаңалығы