Финал үшін болған матчта Аргентина Хорватия құрамасын айқын басымдықпен жеңді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Матч алдында екі құрама арасында ойын тең өтіп, матч қосымша уақыт пен пенальтиге дейін барады деген болжамдар айтылды. Алайда, бұл жолы аргентиналықтар басқа қырынан ойнады.
Матч тағдыры 32-минутта төреші Орсатоның пенальти белгілеуімен түбегейлі өзгерді. 34-минутта Месси пенальтиден есеп (1:0) ашты. Артынша, араға 5-6 минут салып, 39-минутта Аргентина шабуылшысы Альварес тағы бір гол (2:0) салды.
Екінші таймда хорваттар допқа көп иелік еткенмен ештеңе істей алмады. Ақыры, 69-минутта Мессидің шебер пасының арқасында Альварес дубльдің авторы атанды.
Финалда Месси бастаған жігіттер Франция - Марокко жұбының жеңімпазымен ойнайды.