Президент ТМД елдері делегацияларының басшыларына ілтипат білдіре отырып, экономикалық серіктестікті кеңейту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды.
Жуырда ТМД-ға мүше елдердің басшыларының Саммиті өтті. Біз өзара ынтымақтастықты арттыруға, экономиканың әлеуетін нығайтуға деген ортақ ниетімізді білдірдік, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев шиеленісе түскен геосаяси қайшылықтарға, әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа назар аудара отырып, бірқатар тиімді шара қабылдауға шақырды.
Бұл ретте өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның биылғы төрағалығы аясында ТМД-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясының міндеттерін белсенді жүзеге асыру ісі жалғасты. Халықаралық нарықтағы дағдарыс жағдайына қарамастан, экономикамыз біртіндеп қалпына келе бастады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы кедергілерді жоюға, протекционизмге жол бермеуге, қолайлы тарифтік шарт қалыптастыруға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, Еуразия нарықтарына жаңа мүмкіндіктер ашатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының келешегі бар екенін жеткізді.
Бұл мәселенің өзектілігі артып келеді. ТМД-ға мүше мемлекеттер қолда бар әлеуетті дамыту үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, Иранға, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша сауда-саттықты өркендету маңызды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Астанада өтіп жатқан ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы Достастыққа мүше елдердің алдында тұрған міндеттерді шешуге өз үлесін қосатынына сенім білдірді.