Екі президенттің БАҚ өкілдері үшін жасаған баспасөз мәлімдемесі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
- Тәжікстан – біз үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес мемлекет. Біздің халықтарымызды шынайы достық, ортақ тарих, рухани және мәдени құндылықтар біріктіреді;
- Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында өтіп отыр;
- Екі ел үкіметтерінің сенімді саяси диалогы мен үйлесімді жұмысының нәтижесінде қарым-қатынастардың мазмұны мүлде жаңарып, байи түсті. Бүгін қол қойылған Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларация – мұның айқын дәлелі;
- Екіжақты өзара іс-әрекетті нығайту үшін энергетика және машина жасау салаларында зор мүмкіндік бар. Кеше өткен Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумы мен Іскерлік кеңес отырысы кәсіпкерлердің осы салаларда өзара тиімді байланыс орнатуға қызығушылық танытып отырғанын растады;
- Бизнес-форум барысында жалпы сомасы 1,8 миллиард доллар болатын келісімшарттарға қол қойылды;
- Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 40 пайызға өсіп, 500 миллион доллардан асты;
- Қазақстан – Тәжікстанға үлкен көлемде бидай мен ұн жеткізетін елдің бірі. Бұл ретте біздің өсімдік майлары, макарон, сүт өнімдері және кондитерлік өнім түрлері бойынша экспортты ұлғайту үшін резервіміз жеткілікті;
- Қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді және уақтылы іске асыру үшін Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі жол картасына қол қойылды;
- Іскерлік байланыстар мен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау қажеттігі атап өтілді. Осыған байланысты өңіраралық форумдар форматында екіжақты ынтымақтастықтың басталуы ерекше маңызға ие;
- Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы ұстанымдарымыз ортақ екенін, сондай-ақ бұл істе конструктивті ынтымақтастық пен өзара тиімді шешімдер іздеу қажеттігін тағы да растадық. Бұл мәселеде Аралды құтқарудың халықаралық қоры айрықша рөл атқарады;
- Қол жеткізілген уағдаластықтар – Қазақстан-Тәжікстан қарым-қатынастарын нығайту тұрғысынан аса маңызды және елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілді екеніңіздің айқын дәлелі.