Бұл туралы Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Тұрсынхан Зәкенұлы өзінің әлеуметтік парақшасында жазады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол әр сөзінде Отан тарихын дұрыс жүйелеу, байыту және насиқаттау бағытында келелі ойларын ортаға салып келеді. Себебі, тарихи сана дұрыс қалыптаспай ұлттық идеология толық орнықпайды. Ұлттық идеология жоқ елде ұлттық бірегейлік пен мемлекетшілдік сана салтанат құрмайды. Ондай халық өмірдің басқа салаларында да табысқа жетуі екіталай. Демек, тарих тарих үшін ғана емес, бүгін және болашақ үшін жазылады. Ол ұлттың басты оқулығы,- деді ол.
Сондай-ақ ол дәл қазір ұлттық тарихнамада жедел көңіл бөлетін тұстар жеткілікті екенін айтып өтті.
Күні кеше ғана Президент атап көрсеткендей, соңғы жылдары «шыңғысхантанушы» «тарихшылар» шынымен қаптап кетті. Отан тарихына деген біртұтас ұлттық көзқарастан көрі рулық, тайпалық сана алдыға шықты. Шыңғыс ханды алдымен қазақ, одан соң қазақтың белгілі бір руының өкілі жасаған сол тарихшылардың алды ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, жоғары оқу орындарының профессоры дәрежесіне дейін жетті. Өмірі билік баспалдақтарында сәтті өсіп, байлыққа кенеліп, енді ғылымда да абырой-бедел жинағысы келгендердің Шыңғыс хан туралы том-том кітап жазып, депутаттар мен министрлерді қаздай тізіп әкеліп, кітаптарын ғылыми кеңесте қабылдатып алмақ болғандарына да куә болдық. Демек, Президент мұндай келеңсіз жайттарды біліп айтып отыр, -дейді Тұрсынхан Зәкенұлы.
Оның ойынша жақын жылдардан бері қазақ тарихының басты тақырыбы тек Шыңғыс хан төңірегінде ғана болып келеді. Соның әсерінен ұлттық тарихнаманың одан басқа да маңызды проблемалары, айталық, Шыңғыс ханнан да еререк, көне түркілердің елдік, мемлекеттік тарихы туралы жазылған әйдік ескерткіштері зерттелмей, насиқатталмай қалды.
Біле білсек, Шыңғыс ханның мемлекеттік ұстанымдарының өзі де сол көне түркілерден бастау алған жоқ па? Біз мықты болсақ, Меркедегі Батыс Түрік қағанатының ордасын жаңғыртып, Істеми қағанға алып ескерткіш қоймас па едік! Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктердің ескерткіш-кешендерін Өскеменде және Елорда төріне орнықтырмас па едік! Бұл деген Қазақ жерінде бірегей мемлекеттілік дәстүрі болғандығын айғақтайтын, конституциялық мәнге ие ұлы құндылықтар еді ғой! Амал қанша, қолда барды бағалай алмай, басқалардың құндылықтарына жармастық. Бұған ерегескендей, Моңғолия үкіметі өз жеріндегі көне түркі ескерткіштерін моңғолдардың ата-бабасының мұрасы деп жариялап жіберді. Мінеки, мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылған деген осы болар. Әйтпесе, бір Шыңғыс хан қазақ пен моңғолға жетер еді. Ол да біздің бабамыз десек бірдеңеден кем болып қалмас едік. Қайта оның аруағы қазақ-моңғол халқын біріктіруші факторға айналар еді. Достығымызға дәнекер болар еді. Енді келіп, ояу отырып түс көріп, моңғол деген халық жоқ, «Моңғолдың құпия тарихы» қазақша жазылған, Моңғол даласы деген Сарыарқа, Онон өзені деген Іле өзені... десек, бұл жаңалығымызды кім қабылдай қояр екен. Бұл Моңғол халқы үшін тек Шыңғыс ханды ғана жоққа шығару емес, моңғол халқын және оның мемлекеттілігін де жоққа шығару болмақ. Солтүстіктегі көршіміздің қазақта мемлекеттілік болмаған деген сөздері бізге қалай ауыр тисе, біздің сол тақылетті сөздеріміз туысқан моңғол халқына да солай әсер етеді деп ойлаймын! Қалай десек те, Шыңғыс хан моңғолдардың ең басты құндылығы, ұлттық жетістігі. Олар оның портретін сегіз жүз жылдан бері әспеттеп, төріне іліп келеді. Бізде қай қазақ немесе қай рубасы осылай істеп еді?! Бүгінде ол туралы абайламай айтылған, жазылған бірер ауыз сөз тіпті ұлтаралық, мемлекетаралық дау-дамайға ұласуы мүмкін. Сондықтан өзімізде барды бағалай білейік. Өз ар-намысымызды қалай қорғасақ, басқалардың да ар-намысына құрметпен қарайық. Президентіміз Қасым-жомарт Кемелұлының заманауи ұлт болуға, жастарды шет тілдерін үйреніп, ұлтқа, отанға қызмет етуге үндеген мемлекетшіл ойлары кім-кімді де қанаттандырады,- дейді ол.
Сонда- ақ ол тарих керуенінде мың өліп, мың тірілген халқымыз бұл күнге де жеттіе дейді.
Бірақ біздің сол тәуелсіздікке де бойымыз үйреніп бара жатқандай. Оның қадір-қасиеті, мән-маңызы туралы көп ойланбаймыз. Дүниежүзінде көптеген ұлттар сол тәуесіздік үшін күресіп жатса, кейбірі сол тәуелсіздікті сақтап қалу үшін қан төгіп, құрбандықтар беруде. Өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президент: «Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет»,-деген еді. Осы және оның кешегі сөздері ұлт тарихына деген нағыз жанашырлығының белгісі. Енді осыған қоғам және тарихшы қауым дайын болуы керек. Ұлттық тарихты дұрыс тұлғалау стратегиялық мәнге ие мәселе. Еліміздің рухани құрлысы саласындағы маңызды саясат. Президент бастаған осы саясатты жүйелі, тиянақты, сапалы аяқтау үшін тұтас қоғамның, зиялы қауымның оған деген сенімі мен қолдауы қажет-ақ.
Айтуынша ұлт тарихын, оның өкінішке толы беттері мен мақтануға тұрарлық тұстарын жете зерттеген басшы елінің ертеңі, болашағы үшін де түн ұйқысын төрт бөліп ойланады деп сенім білдіріп отыр.