- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қашағандағы жаңа газ өңдеу зауыты: Жоба Қазақстан экономикасына не береді?
Қашағандағы жаңа газ өңдеу зауыты: Жоба Қазақстан экономикасына не береді?
Бұл бастама елдегі газ тапшылығы мәселесін қаншалықты шешеді?
Бүгiн 2026, 13:00
Қазақстанда газ саласын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу. Жақында QazaqGaz пен катарлық UCC Holding компаниясы Қашағандағы қуаты 2,5 млрд текше метр болатын екінші газ өңдеу зауытының алдын ала жобалау кезеңін аяқтағаны белгілі болды. Зауыттың алдағы тағдыры туралы BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Бұл бастама елдің газ ресурсын тиімді пайдалану мен ішкі нарықты қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды саналады. Алайда сарапшылардың айтуынша, жобаның экономикалық және стратегиялық қырлары бірқатар сұрақты да қатар туындатады.
Газ өндірісі өсіп келеді
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда газ өндіру көлемі 68,2 млрд текше метрге жетіп, жоспардан 8,6%-ға жоғары болды.
Саладағы ресурстық базаны кеңейту үшін жаңа жобалар қолға алынуда. Мәселен, алынатын қоры 1,5 млрд текше метр болатын «Барханная» кен орны пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2025–2029 жылдарға арналған газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.
Министрлік дерегіне сүйенсек, газ өңдеу инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. 2026 жылы Қашағандағы қуаты жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған. Ал Жаңаөзендегі 0,9 млрд текше метрлік «ҚазГПЗ» жобасы бойынша «Мемсараптама» РМК қорытындысы алынуға тиіс.
Сондай-ақ Қашағандағы 2,5 млрд текше метрлік газ өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, бекітіледі. Газ инфрақұрылымын дамыту бағытында басқа да жобалар іске асуда. 2025 жылы «Талдықорған–Үшарал» магистральдық газ құбыры мерзімінен бұрын аяқталды. Соның нәтижесінде елдегі газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетіп, 13,1 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді, - деп жауап берді Энергетика министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына.
Ал 2026 жылы 27,6 млрд теңгеге 40 жоба іске асып, «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі аяқталады.
Қашағандағы екі газ өңдеу зауыты
Қазір Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд текше метр болатын алғашқы газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр.
QazaqGaz басшысы Әлібек Жамауовтың айтуынша, жобаның жалпы іске асу деңгейі 55,67%-ға жеткен, ал құрылыс-монтаж жұмыстары 31,07%-ды құрайды.
Сонымен қатар «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы бойынша базалық жобалау толық аяқталған. Инженерлік іздестіру жұмыстары 98%, ал жалпы жобалау жұмыстары 33% деңгейінде. Қажетті газ айдау агрегаттары мен құбырларға тапсырыс берілген.
Әлібек Жамауовтың сөзінше, жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеуге арналған Қашаған газ өңдеу зауытының алдын ала базалық жобалау кезеңі аяқталған.
Қатарлық серіктестермен жобаның келісімшарттық стратегиясына қатысты тәсілдер талқылануда. Инвестициялар туралы келісім нақтыланып, алдын ала Қатар тарапымен және мемлекеттік органдармен келісілді, – деді QazaqGaz басшысы Әлібек Жамауов.
Газ мемлекеттікі, бірақ оны өңдеу керек
Қазақстандық мұнай-газ сарапшысы, SPEE мүшесі Абзал Нарымбетовтің айтуынша, Қашағандағы газ мәселесінің өз ерекшелігі бар.
Оның сөзінше, кен орнындағы мұнайды NCOC компаниясы өндіреді, ал газ мемлекет меншігіне тиесілі. Бірақ оны пайдалану үшін міндетті түрде өңдеу қажет.
Қашағанның мұнайы – NCOC компаниясынікі, ал газы – мемлекеттікі. Бірақ ол газды пайдалану үшін алдымен өңдеу керек. Себебі оның құрамында күкірт бар, оны тазарту қажет. Сол үшін газ өңдеу зауыттары салынады, – деп түсіндірді Абзал Нарымбетов.
Сарапшының пайымдауынша, газ өңдеу зауыттарын салу жауапкершілігі QazaqGaz компаниясына жүктелген. Алайда ұлттық компанияның қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, бұл жобаларға шетелдік инвесторлар тартылып отыр.
Компанияның қаражаты жеткіліксіз болғандықтан, QazaqGaz катарлық UCC Holding компаниясымен бірге газ өңдеу зауыттарын салу туралы келісімге келді, – дейді сарапшы.
Нарымбетовтің айтуынша, жобаның бірінші кезеңінде жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салынуда. Ол негізі биыл желтоқсан айында іске қосылуы тиіс.
Алайда уақыт жағынан біраз созылуы мүмкін деп ойлаймын, – дейді ол.
Ал екінші кезеңде жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу жоспарланған.
Қазір оның алдын ала жобалау кезеңі аяқталды. Яғни құрылыс емес, қағаз жүзіндегі жобалау құжаттары дайын болды деген сөз. Енді негізгі мәселе – қаржыландыру, – дейді сарапшы.
Нарымбетовтің айтуынша, қаржы көлемі өте үлкен.
Егер 1 млрд текше метрлік зауыттың құны белгілі бір деңгейде болса, 2,5 млрд текше метрлік зауыт оған қарағанда екі-үш есе қымбатқа түсетіні анық. Сондықтан жобаның тағдыры қаржыландыруға байланысты болады, – дейді спикер.
Газ өңдеу зауыттары неге кешікті?
Қазақстандық мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің пікірінше, бұл жобалар әлдеқайда ертерек іске асуы тиіс еді.
Бұл жобалар негізі баяғыда іске асуы керек еді. Өкінішке қарай, NCOC те, Қашаған жобасы да, Қарашығанақтағы KPO да бұл процесті ұзаққа созып келді, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, мұның басты себебі – экономикалық фактор.
Экономикалық тұрғыдан қарағанда, мұндай газ өңдеу зауыттарын салу олар үшін аса тиімді емес. Себебі газды өңдеу құны өте жоғары, – деді Олжас Байділдинов.
Оның айтуынша, Қазақстандағы ішкі газ бағасының төмендігі де бұл жобалардың тартымдылығын азайтады.
Бізде ішкі нарықтағы газ бағасы әлемдік бағадан әлдеқайда төмен. Мысалы, Еуропада қалыпты кезеңде мың текше метр газ 300–400 доллар тұруы мүмкін. Ал бізде шамамен 40–45 доллар деңгейінде, – дейді сарапшы.
Сондықтан инвесторлар мұндай жобаларды дамытуға аса құлық таныта бермейді.
Қазақстанның ұлттық компанияларының өзінде мұндай зауыттарды салуға жеткілікті қаражат жоқ, – дейді ол.
Байділдиновтің айтуынша, жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттың құны шамамен 1 млрд долларды құрайды.
Ал Қашағандағы екі зауыттың жалпы құны шамамен 5 млрд доллар болуы мүмкін.
Бұл біздің ұлттық компаниялар үшін өте үлкен сома, – дейді сарапшы.
Газ тапшылығы мәселесі толық шешіле ме?
Сарапшының айтуынша, бұл жобалар маңызды болғанымен, олар елдегі газ тапшылығы мәселесін толық шеше алмайды.
Елге газ қажет. Бірақ бұл қуаттар барлық мәселені толық шешеді деу қиын, – дейді Олжас Байділдинов.
Оның айтуынша, Қашаған мен Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыттары жылына 6–7 млрд текше метр газ өндіруі мүмкін.
Ал Қазақстан жақын жылдары Ресейден шамамен 8 млрд текше метр газ импорттауы ықтимал.
Бұл солтүстік өңірлерді газдандыру жоспарын есептемегендегі көрсеткіш, – дейді сарапшы.
Қазірдің өзінде Қазақстан жылына шамамен 4–5 млрд текше метр газ импорттайды.
Газ өңдеу зауыттары салынып біткенше, елдегі газ тұтыну көлемі өседі. Соның салдарынан Ресейден импорт көлемі де арта береді, – деп атап өтті Олжас Байділдинов.
Қашағандағы газ өңдеу зауыттары – Қазақстанның газ саласын дамытудағы стратегиялық жобалардың бірі. Олар елдегі газ ресурсын тиімді пайдалануға, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және жаңа инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл жобалар газ тапшылығы мәселесін толық шешіп тастамайды. Елдегі газ тұтыну көлемі өсіп жатқандықтан, алдағы жылдары Қазақстан сырттан газ импорттауды жалғастыра беруі мүмкін.
Соған қарамастан Қашағандағы газ өңдеу зауыттары Қазақстанның газ саласындағы маңызды инфрақұрылымдық қадамдардың бірі болып қала береді.
Ең оқылған:
- Қазақстандағы ең қымбат сирек металдар: Жер астындағы байлықтың құны қанша?
- Зейнетақы жинағындағы табысты қалай тексеруге болады? – Бірыңғай платформа іске қосылды
- Атыраудағы қанды қылмыс: Күдіктілер елге қашан жеткізілетіні белгілі болды
- Боксшы Данияр Елеусіновтің әйелі көршілерін соққыға жықты деп айыпталуда
- Щучинскідегі қайғылы өрттен кейін кафе иесі қанша уақытқа қамалғаны белгілі болды