Қашағандағы мұнай өндіруді арттыру тағы екі жылға кейінге қалуы мүмкін

Мерзімнің созылуы, әлемдегі жабдық тапшылығы және Қазақстан билігімен арадағы келіспеушіліктер Қашаған кен орнындағы мұнай өндіруді ұлғайту жоспарын күмән астында қалдырып отыр.

 "ҚазақГаз" 18 Ақпан 2026, 12:50
18 Ақпан 2026, 12:50
596
Фото: "ҚазақГаз"

Турбиналар мен өндірістік жабдықтардың жаһандық тапшылығы Қашағанда тәулігіне 500 мың баррельге дейін мұнай өндіру жоспарына қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Upstream дереккөздерінің мәліметінше, негізгі нысандарды іске қосу кемінде 2031 жылға дейін кейінге шегерілуі мүмкін.

Қазақстандағы Қашаған кен орнын игеруге серіктес Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы өндірісті 2029 жылға қарай екі кезеңмен арттыруды жоспарлаған. Бірінші кезеңде тәулігіне 450 мың баррельге дейін жеткізу көзделсе, екінші жоба өндірісті тағы 50 мың баррельге ұлғайтуы тиіс еді. Ал ұзақ мерзімді перспективада мұнай өндіру көлемін тәулігіне 700 мың баррельге дейін өсіру жоспарланып, ол үшін жылына 6 млрд текше метр қуаты бар үшінші қондырғы салу қажет болатын.

Алғашқы екі зауыт неге кешігіп жатыр

NCOC пен батыстық акционерлер бұл зауыттардың құрылысына шығындануға құлық танытпағандықтан, 2020 жылы алғашқы екі газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) салу жауапкершілігі QazaqGaz компаниясына берілген.

Алайда Upstream сұхбаттасушыларының айтуынша, бірінші ГӨЗ бастапқы кестеден әлдеқашан қалып қойған. Ол Атырау облысында орналасқан және жылына 1 млрд текше метр ілеспе газ өңдеуі тиіс.

NCOC-тың шетелдік акционерлері бұл зауытты QazaqGaz тек 2026 жылдың соңында іске қосады деп күтіп отыр. Бұл жоспарланған мерзімнен үш жыл кеш. Аталған зауыт өндірісті тәулігіне 450 мың баррельге дейін арттыруға мүмкіндік беруі керек.

Ал екінші зауыттың жағдайы әлі де белгісіз күйінде қалып отыр. Ол өндірісті тағы 50 мың баррельге өсіруі тиіс еді. Бірақ энергетикалық жобалар мен дата-орталықтар тарапынан жабдыққа деген сұраныстың тым жоғары болуына байланысты оның іске қосылу мерзімі 2031 жылға шегеріліп отыр. Былтыр NCOC бұл қондырғыға 2029 жылға қарай жылына қосымша 2,5 млрд текше метр ілеспе газ жіберуді жоспарлап отырғанын хабарлаған.

Жобаны QazaqGaz катарлық UCC Holding компаниясымен бірлесіп басқарып отыр. Бірақ жобалау бойынша тендер (FEED) әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Сарапшылардың бағалауынша, келісімшарт жасалғаннан кейін тек инженерлік жұмыстар мен құрылысқа шамамен төрт жыл қажет болады.

Екінші қондырғы бойынша pre-FEED кезеңі аяқталды, қазір компания FEED кезеңіне өту жоспарын дайындап жатыр, – деп мәлімдеді QazaqGaz өкілдері Upstream басылымына.

Upstream дереккөздерінің нақтылауынша, өткен жылы pre-FEED кезеңі аяқталғаннан кейін катарлық тарап Genesis Energies, Fluor және Wood компанияларымен жобалау тендеріне қатысу мүмкіндігін талқылай бастаған. Алайда UCC Holding кейін бұл компаниялармен байланысты тоқтатып, әлі күнге дейін тендер жарияламаған. Айта кетерлігі, FEED кезеңіне шамамен бір жыл, құрылыс-монтаж жұмыстарына (EPC) тағы 42 ай, ал іске қосу-баптау жұмыстарына жарты жылдай уақыт қажет болады.

Газ құбырларындағы мәселелер

Сонымен қатар NCOC-тың кен орнын жаңа ГӨЗ-дермен жалғайтын газ құбырларын салуға қатысты тендерлері де созылып жатыр. Upstream мәліметінше, оператор бюджетінде бұл мақсатқа 615 млрд теңгеге дейін (1,24 млрд доллар) қаражат қарастырылған. Оның ішінде құбыр жеткізушілерге 262 млрд теңге, ал EPC келісімшарттары бойынша 353 млрд теңге төлеу жоспарланған.

D аралынан теңіз арқылы өтетін газ құбырын салу бойынша ең ірі мердігер ретінде қазақстандық Ersai компаниясы аталып отыр. 2015–2016 жылдары сол кезде италиялық Saipem компаниясына 50 пайыз тиесілі болған Ersai Қашағандағы екі параллель теңіз құбырынан шамамен 95 шақырымын ауыстырған. Бұған жоғары қысым мен күкіртсутектің әсерінен пайда болған жарықтар себеп болған. Ол кезде Saipem бұл келісімшартты 1,8 млрд долларға бағалаған.

Сондай-ақ дереккөздер газ құбырларына ықтимал үміткерлер ретінде малайзиялық Bumi Armada Caspian компаниясын және SemArco (қазақстандық Sembol мен БАӘ компаниясының бірлескен кәсіпорны) атайды. Теңіздегі жұмыстардың өзі 4,5 жылға дейін созылуы мүмкін.

Қазақстан билігімен келіспеушіліктер

Техникалық қиындықтардан бөлек, жобаның жүзеге асуына шетелдік акционерлер мен үкімет арасындағы келіспеушіліктер де әсер етіп отыр. Қашағанға 50 млрд доллардан астам инвестиция салған NCOC акционерлері Қазақстан тарапынан 160 млрд доллар көлеміндегі сот талаптары аясында және биліктің 2041 жылдан кейін өнімді бөлу туралы келісімді ұзартқысы келмейтіні жөніндегі мәлімдемелерінен кейін жаңа инвестиция құюдан қауіптенеді.

NCOC – Қашағанның операторы. Консорциум құрамына мыналар кіреді: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd.

Наверх