Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгін елордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, мұнай-газ өндіру саласында Теңізде 2023 жылы Сағалық қысымды басқару жобасы аяқталады.
Қашаған кен орнында қуаттылығы 1,1 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылыс жұмыстары басталды. Осыған қоса, өңдеу көлемі 8 млрд текше метрге дейін газ өңдеу зауыттарын іске асыру жөніндегі тұжырымдама келісілуде. Батыс Қазақстан облысының газ өндеу зауытында қосымша 3 млрд текше метр Қарашығанақ газын өңдеу бойынша тиісті жоба пысықталуда. Сонымен бірге, шетелдік инвесторлармен бірлесіп, Ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленетін болады, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол осы саладағы күрделі жобалар үшін Жетілдірілген модельдік келісімшарттар заңнамаға енгізілгенін айтты.
Бұл 2023 жылы Қаламқас-Хазар және Қаратон кен орындары бойынша 9 млрд. долларды құрайтын инвестициялық жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Биыл Каспий құбыр консорциумының қазақстандық учаскесіндегі тар жерлерін жою жобасы аяқталады. Бұл құбырдың өткізу қабілетін жылына 72,5 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Үкімет басшысы.