Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қашаған мұнайы Қытайға жеткізіле бастады: Жаңа дәліз Қазақстан экономикасын қалай өзгертеді?

Бүгiн, 07:30
102
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Шетелдік БАҚ Қашаған мұнайы алғаш рет Қытайға тікелей жөнелтілетіні туралы ақпарат таратты. Желтоқсан айында 50 мың тонна мұнайды Атасу–Алашанкоу құбыры арқылы экспорттау жоспарланған. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, көлемнің 30 мың тоннасын CNPC, 20 мың тоннасын Inpex жеткізбек. Бұл шешім Украина дроны Қара теңіздегі КТК терминалын зақымдағаннан кейін қабылданған.

Энергетика министрлігі бұл мәселеге қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ведомство редакция жіберген сауалға жазбаша жауап беретінін ғана хабарлады. Ал біз бұл жағдайдың нарыққа ықтимал әсерін түсіну үшін мұнай логистикасы бойынша бірқатар сарапшылардан сұрап көрдік.

Құбыр жартылай ғана жүктелген

"NAC Analytica" ҚҚ басқарма төрағасы, экономист әрі қаржыгер Расул Рысмамбетов бұл бағыттың әлеуетін бағалай отырып, оның артықшылығы мен шектеулерін түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, аталған құбырдың тарихы да, техникалық сипаттамасы да оны КТК-ны толық алмастыра алатын маршрут ретінде қарастыруға мүмкіндік бермейді.

Атасу–Алашанкоу құбыры 2005 жылы салынды. Жалпы, оның жылдық өткізу қабілеті қазіргі мүмкіндіктерімен 20 миллион тоннаға есептелген, – дейді Рысмамбетов.

Ол бұл мүмкіндікті қажет болған жағдайда ұлғайтуға болатынын жоққа шығармайды, бірақ КТК ауқымымен салыстыруға келмейтінін атап өтті.

Қажет болса, бұл көлемді арттыруға да болады деп ойлаймын. Әрине, ол КТК-ның орнын баса алмайды, бірақ өте жақсы балама бола алады, – дейді сарапшы.

Сарапшы қазір құбырдың толық қуатында жұмыс істемей тұрғанын алға тартты.

Қазір осы 20 миллион тонналық қуаттың шамамен жартысы ғана пайдаланылып отыр. Атасу–Алашанкоу құбыры Қытай аумағындағы Душаньцзы мұнай өңдеу зауытына дейін барады. Ол біздің мұнайды қайта өңдей алады және оның әлі бос қуаттары бар, – дейді ол.

Осы мүмкіндіктерді ескере отырып, құбырдың қазіргі жағдайында да айтарлықтай көлем қабылдауға қабілетті.

Сондықтан қазіргі жағдайда Атасу–Алашанкоу құбыры жылына еркін түрде 10 миллион тонна мұнай қабылдай алады, – дейді Расул Рысмамбетов.

Неліктен бұл бағыт стратегиялық балама бола алмайды?

Рысмамбетовтың пікірінше, Қазақстанның негізгі экспорттық артериясы саналатын КТК-ның орнын ешбір балама жақын уақытта баса алмайды.

Біздің КТК арқылы экспорт көлеміміз бұдан әлдеқайда көп екені белгілі. Бірақ менің түсінуімше, желтоқсан айының ортасында КТК бір апта ішінде қайта іске қосылады, – дейді сарапшы.

Сондықтан Қытай бағытының рөлі – тек балама бағытты күшейту, бірақ негізгі ағынды алмастыру емес.

Қосымша инфрақұрылым қажет, бірақ бұл – қымбат шешім

Рысмамбетов болашақта экспортты әртараптандыру үшін жаңа инфрақұрылым салу мәселесін де қарастыру керек деп отыр.

Ол іске қосылғанына қарамастан, қосымша бағыттарды дамыту керек. Тіпті болашақта қосымша бір құбыр салу мәселесін қарастыруға болады. Бірақ бұл – өте үлкен шығын. Сондықтан алдымен жағдай қалай өрбитінін көрейік, – дейді ол.

Қытай нарығы — мүмкіндік пе, әлде шектеулі бағыт па?

Экономист, аналитик Ернар Серік бұл қадамды Қазақстанның экспорттық географиясын кеңейтуге бағытталған прагматикалық шешім деп бағалайды.

Ернар Серіктің айтуынша, КТК-ға тәуелділік Қазақстан үшін бұрыннан стратегиялық тәуекел болып саналады. Сондықтан балама бағыттарды сынау – қазіргі геосаяси жағдайда қисынды және қажетті қадам.

Қашаған мұнайын Қытайға тікелей жөнелту – бұл Қазақстанның экспорттық бағыттарын әртараптандыруға бағытталған тәжірибелік және прагматикалық қадам. КТК инфрақұрылымына тәуелділік бұрыннан стратегиялық тәуекел саналады, сондықтан альтернативті маршруттарды сынау қазіргі нарықтық және геосаяси логикаға сай, – дейді сарапшы.

Жөнелтілген 50 мың тонна көлем жағынан аса үлкен партия болмаса да, Ернар Серіктің пікірінше, бұл — коммерциялық емес, стратегиялық мәні бар сигнал.

50 мың тонна – коммерциялық тұрғыда шағын партия, бірақ маршруттың техникалық және логистикалық тұрғыдан жұмыс істейтінін көрсету үшін маңызды қадам. Болашақта тұрақты жеткізілім мәселесі нарық конъюнктурасына және келісімдерге байланысты болады, – дейді ол.

Сарапшы екі маңызды факторды ерекше атап өтті.

Біріншісі – Қытай ішкі тұтыну құрылымы.

Қытайдың батыс өңірлері мұнайды көп қажет етпейді. Елдің негізгі мұнай тұтынуы Шанхай, Гуандун, Чжэцзян сияқты шығыс жағалауда шоғырланған. Атасу–Алашанкоу бағыты негізінен аймақтық қажеттіліктерді өтеуге арналған, – дейді Ернар Серік.

Екінші фактор – қазіргі бәсекелестік жағдайы.

Қытай қазір Ресей мұнайын өте үлкен жеңілдікпен сатып алып отыр. Бұл Қазақстан үшін бәсекелестікті күрделендіреді. Сондықтан Қытай нарығында үлкен көлемге шығу оңай емес. Баға, логистика және сұраныс құрылымы секілді факторлар шектейді, – деп түсіндірді сарапшы.

Басты мақсат – көлемді арттыру емес, бағытты сынау

Осы факторларды ескере отырып, Ернар Серік Қашаған мұнайын Қытайға тікелей тасымалдауды ұзақ мерзімді экспорттық бағдар ретінде емес, балама инфрақұрылымды тексеру құралы деп бағалайды.

Қашаған мұнайын Қытайға тікелей тасымалдау – көлемді арттыруға емес, балама бағыттарды опробациялауға бағытталған стратегиялық қадам деп ойлаймын, – дейді ол.

Қытай бағытының логистикасы – қымбат әрі күрделі

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұл жаңалықты түсіндіре отырып, мәселенің бірнеше маңызды тұсына назар аударады.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан мұнай саласына қатысты маңызды деректерді өзіміздегі ресми арналардан емес, көбіне шетелдік БАҚ-тан немесе бейресми дереккөздерден білу әдетке айналған.

Әдеттегідей, Қазақстан мұнай саласына қатысты маңызды жаңалықтарды біз өзіміздің емес, шетелдік БАҚ-тан немесе бейресми дереккөздерден біліп отырмыз. Ал NCOC Кашаган консорциумы бұл мәліметті ресми түрде растаған жоқ. Сондықтан бұл – болуы мүмкін жоспар, болуы мүмкін жай ғана әңгіме. Нақты іске асып жатыр ма, жоқ па, әзірге белгісіз, – дейді ол.

Бірқатар ақпарат құралдары Қашаған мұнайы Қытайға қайта бағытталды деп жазды. Бірақ сарапшы мұндай тұжырыммен келіспейді.

Мен "Қазақстан мұнай көлемін Қытайға қайта бағыттады" деген тақырыптармен келіспеймін. Бұл – Қазақстанның шешімі емес. Бұл — NCOC акционерлеріне тиесілі мұнай. CNPC айына 30 мың тонна, INPEX 20 мың тонна жөнелтеді деп хабарланды. Яғни бұл мұнай Қазақстанның меншігі емес, Қазақстан оған ықпал ете алмайды, – дейді Байділдинов.

Ол жағдайды қарапайым мысалмен түсіндірді.

Бұл — сіздің жеке көлігіңіз бар да, қайда барамын десеңіз, солай жүретін жағдай сияқты. Мемлекет сізге «ана жаққа бар, мына жаққа барма» деп айта алмайды. Сол сияқты, бұл — олардың меншігіндегі мұнай. Қайда жіберемін десе, өздері шешеді, – дейді сарапшы.

Байділдинов бұл бағыттың экономикалық жағынан КТК-ға қарағанда тиімді еместігін айтады.

Қытайға дейінгі логистика, әрине, КТК бағыты сияқты тартымды емес. Себебі Атасу–Алашанкоу құбырымен ірі кен орындары тікелей байланыспаған. Мұнайдың бір бөлігін теміржол цистерналарымен тасуға тура келеді. Бұл қымбат әрі күрделірек, – дейді ол.

50 мың тонна – көлем жағынан аса үлкен емес. Сарапшының айтуынша:

Бұл өте шағын көлем. 50 мың тонна дегеніміз – егер осы деңгей сақталса, жылына шамамен 600 мың тонна болады. Ал КТК арқылы жыл сайын 55 млн тонна мұнай тасымалданатынын ескерсек, бұл — теңізге тамған тамшы ғана, – дейді Олжас Байділдинов.

Баға айырмашылығы және нарықтық факторлар

Қытайдың мұнайды бұрын шекарада арзандатылған бағамен сатып алатынын да еске салды.

Қытай бұл мұнайды бұрын барреліне 6–8 доллар төмендетілген бағамен сатып алатын. Қазір нақты қанша екенін білмеймін, бірақ бұрын осындай тариф болған. Бұл — әлемдік бағаларға да байланысты, – дейді сарапшы.

Ал КТК арқылы Еуропаға бағытталған мұнай әлдеқайда тиімді бағада сатылады.

Қазақстаннан Новороссийск портына дейінгі логистика барреліне шамамен 5 доллар. Сондықтан бұл бағыт — баға мен шығындарды ескергенде, өте тиімді маршрут, – дейді ол.

Бұл тұрақты ағын бола ма?

Сарапшының айтуынша, Қытайға тікелей жөнелтілетін мұнай ұзақ мерзімді тұрақты бағытқа айналмайды.

Менің пайымдауымша, бұл – уақытша шара. КТК-ға жасалған шабуылдан кейін туындаған жағдай. КТК бұрынғы өткізу қабілетіне оралған соң, үлкен ықтималдықпен бұл көлемдер Қытай бағыты бойынша тоқтайды, – дейді Байділдинов.

Қорытындылай айтқанда, Қашаған мұнайын Қытайға тікелей жөнелту – көлемді арттыру емес, Қазақстан үшін балама инфрақұрылымның жұмысқа қабілеттілігін тексерудің тактикалық қадамы. Сарапшылар айтқандай, бұл бағыт КТК-ның орнын алмастырмайды, бірақ геосаяси тәуекелдер жағдайында қосымша мүмкіндік ретінде маңызды. Ал ұзақ мерзімді перспективада тұрақты экспорт көлемі баға, логистика және Қытай нарығындағы сұраныс сияқты сыртқы факторларға тәуелді болады.

Өзгелердің жаңалығы