Қазақстанда Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына қатысты экологиялық айыппұл мәселесі күн тәртібінде тұр. Сот талқылауының нәтижесінде консорциумға салынған айыппұл заңды күшіне енсе, оның құрылтайшыларының бірі – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының міндеттемелері қандай болмақ? Бұл сұраққа ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Асхат Хасенов компанияның заң талаптарын орындауға міндетті екенін атап өтті.
«Біз “Қашағанның” құрылтайшысы ретінде заңды талаптарды орындаймыз. Біз заңды орындауға міндеттіміз. Ешкім оған шектеу қоя алмайды», – деп мәлімдеді ол.
Айта кетейік, NCOC консорциумы Қашаған кен орнын игерумен айналысады. «ҚазМұнайГаз» компаниясы консорциумның 16,88 пайыз үлесіне ие. Қазақстан тарапы экологиялық талаптардың бұзылуына байланысты 4,9 млрд доллар көлеміндегі айыппұлды өндіріп алу мәселесін сотта қарастырып жатыр.