Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қасақана үнсіздік – прокурор Шерзат ісіндегі екі әйел туралы

2 Маусым 2025, 12:28
1792
Бөлісу:
 Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша ашық сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сот тараптарының жарыссөзі кезеңінде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай іс бойынша куәгерлер – Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбековаға қатысты жайттарды ортаға салды. 

Біз бұл процесте ақ пен қараны айыру, шындықты қалпына келтіру, әділетті орнату мақсатында жиналдық. Алайда шындыққа жету жолында сотта әдейі адастыруға тырысатын тұлғалар бар екенін көріп отырмыз. Атап айтқанда, сот отырысында Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді қылмыс жасалған сәтте оқиға орнында болғандарын растағанымен, өздерін "шоктық жағдайда" болғандарын, кейбір жағдайларды көрмегендерін, құқық қорғау органдарына хабарлауға мүмкіндіктері болмағанын, себебі қорқыныш күйде болғанын айтты. Олар өздерінің қалта телефондары сөмкеде, ал сөмкелері автокөлікте болды деген. Алайда тергеу барысында анықталған нақты деректер мен бейнематериалдар бұл мәлімдемелерді толығымен теріске шығарады, - деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы. 

Сонымен қатар прокурор оқиғадан кейін автокөлікте жазылып қалған бейнежазбада көрінгендей, куәгер қыздар өздерін еркін, дөрекі, ешбір айыпсыз, сотталушылармен бірге көңілді отырғандарын алға тартты.

Бұл олардың шок жағдайда болмағандарын, керісінше, жағдайды саналы түрде бақылап, тіпті қасақана түрде үнсіздік танытқандарын айғақтайды, - деді прокурор.

Айтуынша, куә – ол тек шындықты айтуы, әділеттің көзі болуға тиіс. 

Сот алдында жалған куәлік беру немесе маңызды ақпаратты жасыру – бұл заңдық жауапкершілікке алып келетін әрекет. Сондықтан іс бойынша сұралған куәлар Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді әрекеттерін тексеру және оларға құқықтық баға беру үшін жеке қаулы шығаруды, оны Алматы облысы полиция департаментіне жолдауды сұраймын, - деді Дана Сәрсенбай.

Өзгелердің жаңалығы