Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңес отырысына Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қатысты.
Басқосуда Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықтың негізгі тәуекелдері мен осал факторларын кешенді талдау және бағалау нәтижелерінен тұратын 2021 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есебінің қорытынды нәтижесі қаралып, бекітілді.
Ұсынылған есепке сүйенсек, 2021 жылы карантиндік шектеулерді жеңілдету – іскерлік белсенділіктің өсуіне ықпал етіп, оның экономикалық өсу перспективаларына да оң әсері болды. Дегенмен, жеткізу тізбегінің толық қалпына келмеуі және энергия жеткізушілер бағасының жоғары болуы инфляциялық қысымның күшеюіне алып келді. Соның әсерінен, экономикасы дамыған елдерде ақша-кредит саясатының күшеюі, мемлекеттік қарыз деңгейінің өсуі және бюджет тапшылығы жаһандық сын-қатерлерге айналды.
Фискалдық саясат үшін негізгі тәуекел факторы мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігі болып қала береді. Бұл бюджет шығыстары мен мұнайдан тыс кірістер арасында сақталып отырған тым жоғары алшақтықтан-ақ көрінеді. 2014 жылдың аяғында мұнай бағасының төмендеуі мұнай секторынан түсетін қосымша үстеме табыстың жинақталу кезеңіне тұсау салды. Бұл, өз кезегінде, ұзақ уақыттан бері Үкімет қолындағы таза активтердің төмендеуіне алып келді. 2021 жылдың соңына қарай таза активтер ЖІӨ-ге қатысты ең төменгі мәндеріне жетті (ЖІӨ-нің 10,2%-ы – мемлекеттің таза активтері, ЖІӨ-нің 4,8%-ы – мемлекеттік таза активтер), - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен орнықтылығын арттыру мақсатында Бюджет кодексіне енгізілген фискалдық ережелерді сақтау маңызды.
Олар Ұлттық қор активтерінің сақталуын қамтамасыз етеді және бюджет шығыстарының шамадан тыс өсуін тежейді.
2021 жылы қаржы ұйымдарының несиелік қызметі COVID-19-дан кейін экономикалық өсудің қалпына келуі аясында қарқын ала түсті. Банктердегі несие портфелінің өсімі 27,9%-ға, негізінен, жеке тұлғаларға (40,9%) және ШОБ субъектілеріне (29,2%) жаңа несие беру есебінен қамтамасыз етілді. Банктердегі несие портфелінің сапасы корпоративтік және бөлшек портфельде айтарлықтай жақсарды.
Нақты сектор кәсіпорындарының, әсіресе, COVID-19 кезеңінен кейін осал факторлардың артуына байланысты корпоративтік портфель сапасының төмендеу тәуекелі жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен бірге, бөлшек портфель өсімінің жоғары болуы елде экономикалық ахуал нашарлаған жағдайда тәуекелдердің туындауына әкеп соғуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Банктік емес сектордағы тәуекелдерді төмендету, оның ашықтығын арттыру және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында 2021 жылдан бастап реттеу периметріне енгізілген микроқаржы ұйымдары (МҚҰ, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар) да банк секторынан өзге экономикадағы маңызды кредиторлардың бірі саналады.
2021 жылы депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 39%-дан 37%-ға төмендеді. Бұл процесс биыл да жалғасты (мамырда – 33%).