Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Қаржылық қауіпсіздік": "Стоп кредит" қалай жұмыс істейді?

26 Қыркүйек 2025, 13:30
538
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Бүгінде әрбір Қазақстан азаматының қажетсіз кредиттерден қорғанудың қарапайым әрі тиімді құралы бар. Ол "Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту" сервисі немесе қысқаша айтқанда "Стоп кредит". Оны eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы бірнеше минут ішінде қосып алуға болады. Қажет болғанша пайдалану мүмкіндігі бар: мерзімі мен өтініш санына шектеу қойылмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Fingramota.kz-ке сілтеме жасап. 

"Стоп кредит" сервисі қазірдің өзінде сұранысқа ие болды: "Бірінші кредиттік бюро" АҚ деректеріне сәйкес, 3 миллионнан астам қазақстандық жаңа кредиттер беруге ерікті түрде тыйым орнатқан. Бұл банктер мен микрокаржы ұйымдары клиенттің кредиттік тарихын тексеру кезінде қолданыстағы шектеу туралы белгісін көріп, несие беруден автоматты түрде бас тартуға міндетті дегенді білдіреді.

Одан бөлек, 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енді: егер өзіндік тыйым салу кезеңінде азаматтың келісімінсіз кредит рәсімделген болса, банк немесе микроқаржы ұйымы мұндай қарызды есептен шығаруға міндетті. Бұл – өзінің қаржылық қауіпсіздігін ойлайтындар үшін қосымша кепілдік.

"Стоп кредит" қызметін екі тәсілмен қосуға болады

eGov Mobile арқылы: авторизациядан өтіп, "Экономика және қаржы" бөлімінен қызметті таңдаңыз, өтінішті толтырып, оған ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз.

eGov.kz сайты арқылы: ЭЦҚ арқылы жүйеге кіріп, сайттың басты бетінде "Сервистер" – "Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту" – "Қызметті онлайн тапсырыс беру" бөлімін таңдаңыз да, өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз.

Қалаған жағдайда пайдаланушы кез келген уақытта шектеуді алып тастай алады: ол үшін дәл сол қызметке кіріп, бас тартуды растау және өтінішті қол қою жеткілікті.

Назар аударатын жайттар

Қызметті қосқаннан кейін де өзіңіздің кредиттік тарихыңызды мезгіл-мезгіл тексеріп отырған жөн. Егер тыйым салу кезеңінде сіздің атыңызға несие рәсімделсе, банк немесе микроқаржы ұйымы оны есептен шығаруға міндетті.

Осылайша, "Стоп кредит" – тек ыңғайлы цифрлық сервис қана емес, алаяқтық кредиттерден қорғайтын тиімді құрал болып табылады және ол миллиондаған қазақстандықтарға ертеңгі күнге сенімді болуға көмектеседі.

Еске салайық, бұған дейін қандай жағдайда қазақстандықтарға несие берілмейтінін жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы