«Инвестиция әліппесі. Ақшаны қалай көбейтеміз?» кітабының авторы, қаржыгер Ербол Азанбек қазақстандықтардың басым бөлігінде депозитінде артық ақшасы бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада қаржы сауаттылығына қатысты кітаптың тұсаукесері өткен болатын.
Қазақстанда қаржы сауаттылығы, ақшаны көбейту, оны басқару мәселесі еліміз тәуелсіздік алғалы бері өзекті болып келеді. Кредит, алаяқтарға алдану, ақшаны көбейту, қаржы ұйымдарындағы проблемалар - бұл мәселелер әрқашан болған және қазір де бар. Соңғы жылдары азаматтардың қаржылық сауаттылығы жоғары қарқынмен көтеріліп келе жатыр. Демек адамдар бұрынғымен салыстырғанда қазір қаржылай сауатты. Мысалы, кредит алған кезде келісімшартты мұқият оқып, пайызын есептейді, оның тиімді не тиімсіз екеніне назар аудара алатындай деңгейге жетті, - деп айтты Ербол Азанбек.
Сөзінше, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылыққа, ақпаратқа деген сұранысы «жеке инвестор» деңгейіне дейін жеткен. Яғни «депозитті қалай ашамын?», «кредитті қалай аламын?» деген мәселеде халық сауатты бола түскен.
Қазақстандықтардың басым бөлігінде артық ақшасы бар. Депозитінде 500 мың теңгесі болса да бар. Бірақ көп жағдайда адамдар артық ақшасын депозитке сақтаудан гөрі «оны ары қарай қайда салсам болады, қалай көбейтсем болады?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Алайда осындай азаматтарға қазақ тілінде ақпарат ұсынып отырғандар өте аз, - деп түсіндірді ол.