Қазақстан Ұлттық Банкі жасанды интеллектіні қолдана отырып, RegTech және SupTech технологияларын енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы Ұлттық банктің BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында айтылған.
RegTech - технологиялары банктер мен басқа да қаржы ұйымдарына реттеуші талаптарын сақтауға көмектеседі: есептілікті автоматтандыру, комплаенс және күмәнді операцияларды бақылау.
SupTech - технологияларын реттеушінің өзі үлкен деректерді талдау, тәуекелдерді анықтау, заң бұзушылықтарды қадағалау және қадағалауды күшейту үшін пайдаланады.
Ұлттық Банк қаржылық деректерді талдау кезінде, сондай-ақ реттеушілік және қадағалау технологияларын (RegTech/SupTech) дамыту аясында ЖИ технологияларын қолдану мүмкіндігін қарастыруда. Мұндай технологияларды пайдалану үлкен деректер жиынтығын өңдеу мен талдау тиімділігін арттыруға, ықтимал тәуекелдерді анықтауға, сондай-ақ аналитикалық және қадағалау құралдарын жетілдіруге ықпал ете алады, - делінген жауапта.
Мұндай технологияларға әдетте жасанды интеллект, машиналық оқыту, үлкен деректерді талдау, мәтін мен құжаттарды өңдеу, есептілікті автоматтандыру, сондай-ақ тәуекелдерді ерте анықтау және аномалияларды іздеу жүйелері жатады.
Қаржы реттеушісі тиісті шешімдерді енгізу ҚР заңнамасының талаптарын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылатынын баса айтты.
Сондай-ақ, Ұлттық банк қаржы секторында жасанды интеллектіні қолданудың тұрақты әрі қауіпсіз жүйесін құруды көздейтін 2026–2027 жылдарға арналған цифрландыру тұжырымдамасын әзірлеуде.
Халықаралық тәжірибе
Ұлттық банкте сондай-ақ қаржы секторында жасанды интеллектіні қолдану мен реттеудің халықаралық тәжірибесін зерттеп жатқандарын хабарлады.
Атап айтқанда, сөз жетекші орталық банктер мен халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Еуропалық орталық банк, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі, Халықаралық есеп айырысу банкі және Сингапурдың Ақша-кредит басқармасының тәжірибесі туралы болып отыр.
Ұлттық банктің атап өтуінше, реттеуші осы институттармен тұрақты түрде тәжірибе алмасып тұрады. Алынған тәсілдер ұлттық заңнама мен отандық қаржы нарығының ерекшеліктерін ескере отырып, оларды Қазақстанда қолдану мүмкіндігі тұрғысынан талданады.
Қаржы секторында ЖИ енгізу қалай реттеледі?
Қазақстан Ұлттық Банкінде елде жасанды интеллектіні әзірлеу, енгізу және пайдалану мәселелері қолданыстағы заңнамамен, соның ішінде «Жасанды интеллект туралы» заңмен реттелетінін мәлімдеді. Құжат ЖИ жүйелерін қолдану кезіндегі ашықтық, қауіпсіздік және тәуекелдерді басқару принциптерін бекітеді.
Қаржы секторы бөлігінде бұл талаптар қаржы нарығы туралы заңнаманы ескере отырып қолданылады. Бұл ретте қаржы ұйымдарының қызметін реттеу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзыретіне жатады.
ЖИ технологияларын дамыту және қолдану саласындағы мемлекеттік саясат пен нормативтік реттеу мәселелері ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қарамағында. Өз кезегінде, Ұлттық Банк өз функциялары шеңберінде цифрлық бастамаларды іске асыру және аналитикалық құралдарды жетілдіру кезінде ЖИ-дің дамуын ескереді.
Қандай технологиялар енгізіліп қойған?
Қазақстан Ұлттық Банкінде жасанды интеллект негізіндегі жекелеген шешімдер қазірдің өзінде қолданылуда. Атап айтқанда, сөз жергілікті аудармашы, корпоративтік чат-бот-көмекші және ақпарат іздеуді, сондай-ақ аналитикалық материалдар мен есептерді дайындауды жеделдететін RAG құралдары туралы болып отыр.
Бұдан бөлек, Ұлттық банктің еншілес ұйымдары ішкі және сыртқы ЖИ-кеңесшілерін, сондай-ақ алаяқтықты анықтау мен алдын алуға арналған пилоттық аналитикалық және мониторингтік жүйелерді енгізуде. Реттеушіде атап өткендей, ішкі цифрлық сервистердің дамуына және жаңа қажеттіліктердің пайда болуына қарай ЖИ шешімдерінің тізбесі кеңейе береді.