Қаржы пирамидасының жарнамасы Instagram-да қарқынды жүріп жатыр

24 Желтоқсан 2021, 16:05
1434
Бөлісу:
Қаржы пирамидасының жарнамасы Instagram-да қарқынды жүріп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алаяқтар өздерінің промо-акцияларында танымал брендтердің атауын пайдаланып, олардың беделіне нұқсан келтірген.

Халықтан ақша тарту мақсатында алаяқтар «Каспий Мұнай» АҚ, Siberian Wellness, отандық КТК телеарнасының логитптерін пайдаланған.

Қаржы пирамидасының барлық белгілері бар компания өзін «Каспий Мұнайдың» халықтық платформасы деп атайды және өзінің жарнамалық материалдарында аталған үш компанияның логотипін белсенді пайдаланған. Бүгін беделіне нұқсан келген компания өкілдері баспасөз жиынын өткізіп, жағдайды түсіндірді.

Әлеуетті салымшыларға адамның қатысуынсыз өз бетінше сауда жасайтын платформада мұнай сатудан жоғары пассивті кіріс уәде етіледі.

«Каспий Мұнай» АҚ компаниясының өкілдері қаржы пирамидасына еш қатысы жоқ екендерін айтады. «Каспий Мұнай» компаниясы 1997 жылы құрылған. Компания Атырау облысының Жылыой ауданы аумағында көп қабатты Айранкөл мұнай-газ кен орнын игерумен айналысады.  КАЅЕ деректері бойынша компанияның 01.10.21 ж. пайдасы 32 072 297,00 мың теңгені құрады.

Алаяқтар «Каспий Мұнай» АҚ атауын мақсатты түрде пайдаланған, себебі компания ҚР Бағалы қағаздар нарығында қызметпен айналысуға лицензиясы бар брокерлік/дилерлік ұйымдар тізіміне кіреді.

Жарнамада сондай-ақ Siberian Wellness компаниясының өкілі Татьяна Кольберттің сұхбатының үзінділері пайдаланылады. Ал барлық бейнероликтерге КТК логотипі салынған.

Мен жарнамада көрсетілгендей, Каспий Мұнай инвестициялық қорының қызметкері де, серіктесі де, салымшысы да емеспін. Бұл компания менің Siberian Wellness-тегі жұмыс аясында берген суреттерімді, бейнелерімді және сұхбатымды жосықсыз пайдалануда, – дейді Колберт.

Сондай-ақ Country Manager Siberian Wellness Қазақстан мекемесінің өкілі Олег Задоренко
«Сибирское здоровье Астана» компаниясы инвестициялық қор болып табылмайтынын, қаржылық қызметпен айналыспайтынын және инвестициялық табыс алуды ұсына отырып, салымшылардан инвестициялар тартпағанын жеткізді.

Біздің компания ҚР аумағында денсаулыққа, сұлулыққа және спортқа арналған өнімдерінің сауда қызметімен айналысады. Компанияның қызметі Ресей Федерациясының Новосибирск қаласында орналасқан өндірістік қуаттармен қамтамасыз етілген. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар біздің кеңесшілеріміздің жетістіктерін пайдаланып жатқаны бізді қатты таң қалдырды, – деді Олег Задоренко.

Қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалау ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 150-бабына сәйкес жеке тұлғалар үшін жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғатынын атап өткен жөн, қазіргі уақытта бұл 437 мың 550 теңге.  

Лауазымды тұлғалар үшін – 170 АЕК (495,9 мың теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 200 АЕК (583,4 мың теңге), орта бизнес үшін – 300 АЕК (875,1 мың теңге), ірі бизнес үшін-600 АЕК (1,75 млн.теңге).

Өзгелердің жаңалығы