Қаржы пирамидаларын ұйымдастырған 25 адам сотталды

11 Қазан 2022, 06:36
1063
Бөлісу:
Қаржы пирамидаларын ұйымдастырған 25 адам сотталды

Түркістан облысында «Evolution Corporation» ЖШС және «Индиго 24» ЖШС қаржы пирамидаларын құрған, оларға басшылық жасаған және қызмет еткен 25 адамға қатысты сот үкімі шықты, 1000 томдық қылмыстық істі тергеп-тексеру 1 жылдан астам уақытқа созылды, деп хабарлайды BAQ.KZ otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Сот үкімімен қаржы пирамидаларын құрып, жетекшілік еткен 3 азаматтың мүлкі тәркіленіп, 7 жыл мерзімге қаржы және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал олардың орынбасарлары болған 5 азамат 10 жылға, қалған 17 күдікті 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушылар жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді.

Жаза тағайындау кезінде 3 азаматтың қаржы пирамидаларын құрушы мен жетекшісі ретіндегі рөлдері, ал қалған 22 сотталушылардың қаржы пирамидаларының ұйымдастыру сәттеріне белсенді қатысқаны, ЖШС филиалдарының арасындағы ақша ағымының қозғалысын бақылауда көрсеткен бухгалтерлік қызметі ескерілді. Сотталушыларға қолданылған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, олар сот залынан дереу қамауға алынып, үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұсталынды, - деді Түркістан облыстық соты ақпараттық қамтамасыз еті бөлімінің басшысы Әсет Серікбаев.

Тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыстық топтың жәбірленушілерге 3 млрд теңгеден астам залал келтіргені анықталған.

Аса ірі көлемде ұйымдасқан қылмыстық топ 2017-2020 жылдар аралығында Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Астана және Алматы қалаларында қылмыстық құқықбұзушылық жасап келген.

6 облыс бойынша жәбірленушінің жалпы саны – 2087 адам.

Сотталушылар өздеріне тағылған кінәларын мойындамаған. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, олардың барлығына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы