2025 жылдың басынан бері Алматыда 600-ден астам тұрғын жылу энергиясына қарыз болғаны үшін ыстық судан ажыратылды. Төлем жасамаған абоненттерге жылыту және сумен жабдықтау қызметтерін шектеу шаралары қолданылған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
"Алматылық жылу желілері" компаниясының мәліметінше, заңды тұлғаларға 3345 сотқа дейінгі талап жіберілген, ал 5 мыңға жуық борышкерге қатысты сотқа талап-арыз түсірілген. Қазіргі уақытта қарызды өндіру жұмыстары жүргізілуде.
Төлем жасамаған 1754 борышкерге қатысты шектеу шаралары қабылданды: 926 адамға қатысты жылжымайтын мүлікке тыйым салынды, 822 адамның банк шоттары бұғатталды, 254 борышкерге Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салынды, 144 азаматтың жалақысынан және өзге де табыстарынан қарызы ұсталынды, - деп хабарлады әкімдік.
2025 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша, алматылықтардың жылуға қатысты жалпы қарызы 2 млрд теңгеден асты.